Украиналық боксшы Александр Усик барлық чемпиондық атақтарынан бас тартты

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Украиналық боксшы Александр Усик барлық белдіктерінен бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Александр Усик IBF, WBA және WBC нұсқалары бойынша аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы атақтарынан өз еркімен бас тартатынын мәлімдеді.

– Белдіктерімді келесі кезекте тұрған үміткерлердің чемпиондыққа таласуына мүмкіндік беру үшін босатамын, – деді Усик.

39 жастағы боксшы үлкен спорттан әзірге кетпейтінін айтты. Ол «алдағы уақытта шаршы алаңда соңғы кездесуім болады» деді. Осылайша Усик қоштасу кешін өткізуі мүмкін екенін меңзеді.

Контекст

23 мамырда Александр Усик WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін сәтті қорғап, 11-раундта нидерландтық кикбоксшы Рик Верхувенді техникалық нокаутпен жеңген болатын.

Усиктің шешімінен кейін WBC нұсқасы бойынша толыққанды әлем чемпионы атағы қазіргі уақытша чемпион Агит Кабайелге бұйыруы мүмкін.

Ұйымның талабына сәйкес, дәл Кабайел украиналық боксшының келесі қарсыласы болуы тиіс еді. Енді ол чемпиондық атақты жекпе-жексіз иеленуі немесе босаған белбеу үшін басқа үміткермен жұдырықтасуы ықтимал.