Финляндия өз аумағына ядролық қаруды әкелуге және орналастыруға қойылған тыйымды ресми түрде алып тастады. Ел президенті Александр Стубб атом энергетикасы туралы заңға енгізілген тиісті түзетулерге қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жаңа нормалар 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Финляндия парламенті бұл түзетулерді наурыз айында-ақ мақұлдаған еді. Заң жобасын 125 депутат қолдап, 61-і қарсы дауыс берді.
Қорғаныс министрі Антти Хяккянен бұл реформаны тарихи шешім деп атап, оның Финляндияның да, жалпы НАТО-ның да қауіпсіздігін күшейтетінін айтты.
Сонымен қатар президент Александр Стубб бейбіт уақытта Хельсинки өз аумағына ядролық қару орналастыруды жоспарламайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл өзгеріс ең әуелі ықтимал қауіптің алдын алуға бағытталған тежеу тетігіне қатысты.
МӘСКЕУ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ
Түзетулер қабылданғаннан кейін Кремль егер Финляндия аумағында ядролық қару орналастырылса, жауап шаралары қабылдануы мүмкін екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Хельсинки Мәскеудің ықтимал әрекетіне дайын екенін жеткізді. Финляндия билігінің пікірінше, заңнамаға енгізілген өзгерістер, керісінше, Ресей тарапынан әскери қысым көрсету қаупін азайтады.
ҚОРҒАНЫСТЫ КҮШЕЙТУ БАҒЫТЫ
Бұған дейін Финляндия жаяу әскерге қарсы миналарды өндіруге және қолдануға тыйым салатын Оттава конвенциясынан да шыққан еді. Билік бұл шешімді өңірдегі қауіпсіздік ахуалының нашарлауымен түсіндірді.
Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Финляндия қорғаныс саясатын түбегейлі қайта қарады. 2023 жылы ел ресми түрде НАТО-ға мүше болды.
Финляндияның Ресеймен ортақ құрлықтағы шекарасы 1 300 шақырымнан асады. Сондықтан бұл ел үшін қауіпсіздік мәселесі стратегиялық маңызға ие болып қала береді.
Қорғаныс саясаты күшейтілгеніне қарамастан, биыл мамыр айында Александр Стубб Еуропаны Ресеймен тікелей диалогты қайта бастауға шақырған еді.