Сенат төрағасы соңғы рет журналистердің алдына шығып, 1 шілдеден кейін не істейтіні туралы сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қазақстанда Сенаттың соңғы пленарлық отырысы өтті. 1 шілдеден бастап Парламенттің жоғарғы палатасы өз жұмысын тоқтатып, екі палаталы жүйенің орнына бір палаталы Құрылтай жүйесі енгізіледі.
Отырыс барысында сенаторлар бірқатар заң жобаларын мақұлдап, одан кейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палата жұмысын қорытындылады.
«Бүгін Парламент Сенаты тарихындағы соңғы отырыс өтті. 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған екі палаталы Парламент 30 жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтап отыр», – деді ол.
Әшімбаев сенаторларға бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта елдің мемлекеттік жүйесінде жаңа кезең басталатынын атап өтті.
30 жыл ішінде Сенат 890 пленарлық отырыс өткізіп, 3,5 мыңнан астам заң қабылдаған.
Журналистердің “әрі қарай не істейсіз?” деген сұрағына Әшімбаев нақты жауап бермеді.
«Біз әрі қарай да елімізде өз бағытымыз бойынша жұмыс істей береміз. Сіздер өз бағыттарыңызда, біздің әріптестер, депутаттар өз бағыттарында, басқа да азаматтар ары қарай да Әділетті Қазақстанды құруға бар күш-жігерімізді жұмсап, осы бағыттарда нәтижелі жұмыс істейміз деп сенеміз. Рахмет!», – деді ол.
Алда не болады
Ертең Сенат пен Мәжілістің Президент қатысатын соңғы бірлескен отырысы өтеді. Онда қазіргі парламенттік сессия ресми түрде жабылады.
1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне еніп, қазіргі Парламенттің өкілеттігі тоқтатылады. Оның орнына бір палаталы Құрылтай жұмысын бастайды. Жаңа парламент сайлауы тамыз айына жоспарланған.