Үш мың адам бір айға әскерге шақырылады: кімдер барады?

Ulysmedia
Фото: gov.kz

Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес биыл жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы үш мың әскери міндетті тартылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қатысушыларды іріктеу жергілікті әскери басқару органдары арқылы, армияның нақты әскери-есептік мамандықтарға деген қажеттілігіне сай жүзеге асырылады. Іріктеу барысында азаматтардың дайындық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңда көрсетілген өзге талаптар ескеріледі.

“Әскери міндеттілер арнайы шақырту негізінде шақырылады. Шақырту алған азаматтар белгіленген мерзімде көрсетілген орынға келуге міндетті. Келмеген жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған”, – делінген хабарламада.

Заңнамаға сәйкес, оқу-жаттығу жиындарына тартылмайтын санаттар да бар. Олардың қатарында оқу кезеңіндегі педагогтар, күндізгі бөлім студенттері, үш және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар ата-аналар, сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда көзделген басқа да тұлғалар бар.

Жиындардың ұзақтығы бір айға дейін созылады. Осы уақытта қатысушылар азық-түлікпен, киім-кешекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Оқу орнына бару және қайту шығындарын Қорғаныс министрлігі өтейді.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған: азаматтардың жұмыс орны сақталады, ал жұмыс істейтіндерге орташа жалақы төленеді. Жұмыссыздарға ең төменгі жалақы бюджет есебінен беріледі. Жиын уақыты еңбек өтіліне қосылады.

Жоспарлы оқу-жаттығу жиындары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 33-бабы 1-тармағына сәйкес өткізіліп, елдің жұмылдыру дайындығын нығайтудың маңызды бөлігі болып саналады.