Алматыда қаланың бас жоспарына енгізілген түзетулердің стратегиялық экологиялық бағалауына қатысты қоғамдық тыңдау даумен өтті. Тұрғындар өз үйлерінің сүрілуіне қатысты сұрақтарға жауап ала алмағанына наразы болды. Ал ұйымдастырушылар экология тақырыбына арналғанын алға тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Қоғамдық тыңдау екі бөлек залда ұйымдастырылды. Бір залда стратегиялық экологиялық бағалау мәселесі қаралса, екіншісінде Алматы қаласының Бас жоспарына енгізілетін түзетулер талқыланды.
Бас жоспарға арналған залда дәстүрлі қоғамдық талқылау форматы болған жоқ. Қатысушыларға ортақ мінбер, пікірталас алаңы ұсынылмады. Оның орнына әр ауданның тұрғындарына бөлек-бөлек, әр үстелде ұсынылып отырған өзгерістер жеке-жеке түсіндірілді.
Жиынға келген тұрғындардың арасында «Компотты сақтайық!» деген жазуы бар футболка киген адамдар да болды. Олар «Компот» шағын ауданындағы жер үйлерді сүріп, олардың орнына көпқабатты тұрғын үйлер салуға жол беруге болмайтынын алға тартты.
Тұрғындардың пікірінше, «Компот» Алматының тау бөктері аумағына кіреді және қаланың табиғи жасыл белдеуінің бір бөлігін құрайды. Сондықтан бақтарды жойып, олардың орнына көпқабатты тұрғын үй кешендерін салу ауа сапасының нашарлауына және таудан келетін табиғи ауа ағындарының қозғалысына кедергі келтіруі мүмкін.
– Қазір бізге бас жоспарға өзгеріс енгізуге қол жеткізу керек. Бізге қазір сіздер ұсынып отырған түзетулерді тоқтату қажет. Менің сіздерге қоятын сұрағым, біздің қолымызда қазір бас жоспарға әсер ететін қандай механизм бар? Бұл қоғамдық тыңдаулардың қандай құқықтық мән-мағынасы бар? Қазір сіздер біздің айтқандарымыздың өздеріңіздің кестелеріңізге енгізесіздер, сосын оны қайда жібересіздер? Қазір сіздер бас жоспарды мемлекеттік сараптамаға жібердіңіздер. Оны қарау ендігі соңғы сатыда шығар. Бұл қоғамдық тыңдау жәй есеп үшін бе?, – деді өзін «Компот» ауданының тұрғынымын деп таныстырған Дмиртий Иванов.
«Алматы бас жоспар» директоры Асхат Садуов «иә, тұрғындар бас жоспарға әсер ете алады» деп жауап берді. Бірақ ол оның нақты қандай механизмі бар екенін түсіндірмеді.
– Мен сізге жауап бердім, иә сіз бас жоспарға әсер ете аласыз. Егер мемлекеттік сараптама оған назар аударса, біз бірлесіп назар аударсақ. Біз оған қалай назар аударамыз? Сіздер барлығын болдырмаймыз дейсіздер. Сосын сіздер ешқандай негізсіз мәлімдемелер жасайсыздар. Қазір сіздердің «Компотта» көп дүние онсыз да өзгерген. Көптеген ИЖС-тер тұтас гастрокөшеге айналып кеткен. Біз бұның барлығын сіздерге қалай қалпына келтіріп береміз? Біз сіздерге ресторандардың орнына жылы жай бере алмаймыз ғой, – деді ол.
Құжатты әзірлеушілердің бірі – биотехнолог-ғалым Гүлнұр Жүнісова бас жоспар тұтас қаланы қамтитынын айтты. Ол құжатта аудандар жеке-жеке қарастырылмағанын алға тартты.
– Біз жеке Медеу немесе Бостандық ауданын қарамаймыз. Бұл атының өзі айтып тұрғандай, қаланың бас жоспары. Біз әр ауданды жеке-жеке қарайтын болсақ, онда оны тұтас қалаға біріктіре алмаймыз. Яғни, бас жоспар – ең жоғары құжат. Одан кейін ПДП. Сол ПДП-ның деңгейінде аудан қаралады. Одан кейін нақты бір аумақтағы құрылыс, микро учаскелер қаралады, – деді Гүлнұр Жүнісова.
Оның сөзінше, қазіргі бас жоспар қаланың орталығына түсетін ауыртпашылықты азайтуға, кептеліс мәселесін шешуге бағытталған.
Алматылық белсенді Мейірхан Әбдіманап «Сейсмикалық қауіпті аумақта құрылыс салуға рұқсат берген бас жоспарды дайындаған адамдарға заң бойынша әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған ба?» деп сұрады.
– Біз заңгер емеспіз. Модератор заңгер емес, мен заңгер емеспін. Біз прокуратурада жұмыс істемейміз. Сіздер экологиялық мәселеге қатысы жоқ сұрақтар қойып отырсыздар. Сіздер қоғамдық талқылауға қатысы жоқ сұрақтарды неге қоясыздар?, – деді Асхат Садуов.
Ұйымдастырушылар экологияға қатысты сұрақтар қою қажеттігін айтқаннан кейін, Талғат есімді Алматы тұрғыны Ақсай карьері қаладағы экологиялық апат деңгейіне жеткенін айтып, дабыл қақты. Оның сөзінше, бұл карьер бас жоспарға сай қала аумағына кіреді. Бірақ қазір оны жабу үшін ішіне тұрмыстық қоқыс төгіліп жатыр.
– Мен Алматы қаласының шеңберінде экологиялық апатты көріп тұрмын. Атап айтқанда, Ақсай карьері, жоғары, ортаңғы және төменгі карьері бар. Біз осы үшін бес жылдан бері күресіп келеміз. Олардың лицензиясын үнемі созып келді. Қазір енді ол карьерді жауып жатыр... Күніне 30-40 камаз карьерді тұрмыстық қоқыспен толтырып жатыр. Бұл Наурызбай ауданы мен Қарасай аудандарының шекарасында орналасқан. Төмен қарай су ағып жатыр. Әйнек, пластик, ауа барлығы... Бас жоспарда осы карьерді қалай жабатыны туралы көрсетілген бе? Ол карьерлердің орнында көл мен туристік кластер болады деп жоспарлануда. Қазір оны тұрмыстық қоқыспен толтырып жатыр. Сонда оның орнында қандай көл болады? Бұл деген экологиялық апат қой, – деді ол.
Бас жоспарға жауапты тарап өкілдері карьер орнында демалыс орны болатынын жоққа шығармады. Бірақ төгіліп жатқан қоқысқа байланысты «экологиялық прокуратураға шағымдануға» кеңес берді.
Жиын соңында ұйымдастырушылар қоғамдық тыңдауды өтті деп таныды.