Алматы облысының Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Нөсер жауыннан кейін Ақсай өзенінің жағасы шайылып, карьер аумағында топырақ опырылған. Қауіпті аймақтан тоғыз үйдің тұрғындары эвакуацияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Әкімдіктің мәліметінше, 2 шілде күні таңғы сағат 07:00 шамасында Жанатұрмыс ауылындағы «Ақсай» карьері аумағында өзен жағасын су шайған. Соның салдарынан карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ опырылып түскен.
Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы тоғыз жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді.
– Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл шешім қажетті жұмыстарды жедел ұйымдастыруға және жұмылдырылған қызметтердің іс-қимылын тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді, – деп хабарлады әкімдік.
Қазіргі уақытта мамандар аумақты тексеріп, топырақтың әрі қарай жылжуына жол бермеу үшін инженерлік жұмыстар жүргізіп жатыр. Оқиға орнында 19 маман мен 14 техника жұмылдырылған.
КОНТЕКСТ
Алматы облысында кейінгі бірнеше күнде гидрологиялық ахуал тұрақсыз болып тұр. Кеше Түрген өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты демалыс базасы мен алты киіз үйді су басып, туристер эвакуацияланған еді.
Сондай-ақ Алматыда сел қаупіне байланысты Наурызбай ауданындағы тұрғындар алдын ала эвакуацияланды. Кейінірек Төтенше жағдайлар министрлігі сел қаупі жоқ екенін мәлімдеді.