Бішкектің Бірінші май аудандық соты «75-тің хаты» ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сот сегіз айыпталушының барлығын, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевті де қызметтік өкілетін теріс пайдаланды деп таныды. Олардың әрқайсысы 4 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленетін болды.
Сонымен қатар билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айып алынып тасталды. Сот 3 жылдық пробациялық бақылау тағайындағандықтан, сотталғандар жазасын түзеу мекемесінде өтемейді. Қамауда болған бес адам сот залында бірден босатылды. Алайда олардың ішінде Ташиев жоқ.
Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардың әрқайсысына 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.
«75-ТІҢ ХАТЫ»
Бұл іс саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері тобының президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу және мемлекет басшысының өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы үндеуіне байланысты қозғалған.
Тергеу органдары бұл хатты елдегі саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекет деп бағалады. Ал айыпталушылар тағылған айыптарды мойындамады.
КОНТЕКСТ
Маусым айының ортасында мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген іс бойынша тергеліп жатқан Қамшыбек Ташиев алғаш рет көпшілік алдына шыққан еді. Ол бірнеше қайырымдылық шарасына қатысып, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты қолдайтынын тағы да ашық мәлімдеген.