KAZ Minerals шахтасында алты кенші зардап шекті

Ulysmedia
Pixabay.com

Абай облысындағы KAZ Minerals компаниясының Орлов шахтасында алты кенші медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Оқиға туралы ақпарат таңертең жергілікті пабликтерде тарады. Тұрғындардың жазуынша, шахтада төтенше жағдай болып, адамдар отырған көтергіш арнайы тіреуішке тіреліп тоқтаған. Соның салдарынан көтергіштің құлағаны немесе күрт тоқтағаны туралы болжамдар айтылған.

KAZ Minerals компаниясының мәліметінше, оқиға 1 шілде күні кешке шахта көтергіші қозғалыс кезінде болған.

– Көтергіштің күрт тоқтауы салдарынан Орлов шахтасының алты қызметкері медициналық көмекке жүгінді. Үшеуіне жеңіл дәрежедегі соғылу жарақаты диагнозы қойылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емге жіберілді. Қалған үш жұмысшы Семей қаласындағы ауруханада қосымша тексеруден өтіп, оларға да жеңіл дәрежедегі соғылу жарақаты диагнозы қойылды, – деп хабарлады компания.

БҰЛ АЛҒАШҚЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЕМЕС

Кейінгі бірнеше айда KAZ Minerals кәсіпорындарында бірнеше ауыр оқиға болды. Мамыр айының соңында Артемьев шахтасында тау жынысының опырылуы салдарынан кенші қаза тапты.

Бұған дейін, бірнеше апта бұрын, осы кәсіпорында жөндеу жұмыстары кезінде шаң-желдету қызметінің механигі биіктіктен құлап кеткен.

Сәуір айының соңында Орлов шахтасында да қайғылы оқиға болды – тау жынысы опырылып, бір жұмысшы қаза тапса, тағы бірі жарақат алды.

Наурыз айында компанияның өндірістік нысандарының бірінде екі қызметкер зиянды газдан уланып, олардың бірі көз жұмды.

Ал 2024 жылдың күзінде «Иртышская» және «Артемьевская» шахталарында тағы бес адам қаза болған.