Бұрын егде жастағы адамдарға тән деп есептелетін ауру-сырқау қазір жастар арасында жиі байқалып жүр. Зумерлерге студент кезінен-ақ бел ауруы, көздің нашарлауы, үнемі шаршау, мазасыздық, тіпті диабет сияқты диагноздар қойылып жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
24.kz мәліметінше, күніне бірнеше сағат экранға телміру жастар үшін қалыпты әдетке айналған. Дегенмен дәрігерлер гаджетке ұзақ үңілу мен қимыл-қозғалыстың аз болуы денсаулықты біртіндеп әлсірететінін ескертеді.
Қазір жастардың көбі белі ауыратынын, тез шаршайтынын, ашушаң болып кеткенін және ұйқысы бұзылғанын айтады. Бұған артық салмақ пен зат алмасу жүйесіндегі өзгерістер де қосылып отыр.
Мамандардың сөзінше, бұрын жоғары қан қысымы, семіздік пен диабет негізінен егде жастағы адамдарда кездессе, қазір мұндай диагноз жастар арасында да көбейген.
Дәрігерлер Қазақстандағы ересектердің шамамен 59%-ында артық салмақ бар екенін айтады. Ал 5 пен 9 жас аралығындағы әр бесінші баланың салмағы қалыпты деңгейден жоғары.
Кейінгі 20 жылда елде қант диабетіне шалдыққандар саны төрт еседен аса артқан.
Көз ерте нашарлай бастады
Жастарда ең жиі байқалатын мәселенің бірі – көздің нашарлауы. Дәрігерлер жасөспірімдер арасында алыстан нашар көретіндер көбейгенін айтып отыр.
Миопиядан бөлек, көздің құрғауы, ашуы, көрудің бұлдырауы және тез шаршауы да жиілеген.
Мамандардың түсіндіруінше, смартфон мен компьютерге ұзақ қараған кезде адам көзін сирек жыпылықтатады. Салдарынан көз тез құрғап, шаршайды.
Дәрігерлер алдағы жылдары әлем халқының жартысына жуығында алыстан нашар көру белгілері байқалуы мүмкін екенін ескертеді.
Психикаға да салмақ түсіп жатыр
Ақпараттың үздіксіз ағымы, оқу жүктемесі және әлеуметтік желідегі қысым жастардың психикалық жағдайына да әсер етіп отыр.
Психологтар зумерлер арасында мазасыздық, эмоциялық қажу, паникалық шабуыл және ұйқысыздық көбейгенін айтады.
Мамандардың сөзінше, қазіргі өмір ырғағы психикаға тым ауыр салмақ түсіреді. Ал адам миы мұншалық көп ақпаратты үздіксіз қабылдауға бейімделмеген.