Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру 2%-ға артты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда 2026 жылғы маусымда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі мамырмен салыстырғанда шамамен 2%-ға артты. Бұл туралы жедел статистикамен таныс The Moscow Times дереккөзі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Басылым дерегінше, өндірістің жалпы көлемі 8,59 млн тоннаға жеткен. Тәуліктік көрсеткішпен есептегенде, бұл – шамамен күніне 2,16 млн баррель. Мамырда бұл көрсеткіш тәулігіне 2,12 млн баррель болған.

Маусымда Теңіз кен орнында өндіріс 3,7%-ға өсіп, 3,62 млн тоннаға жетті. Қарашығанақта өсім одан да жоғары болып, 6%-ға жеткен. Мұнда 976 мың тонна өндірілген.

Ал Қашағанда, керісінше, көрсеткіш сәл төмендеген. Бұл кен орнында өндіріс 0,2%-ға қысқарып, 1,514 млн тонна болды.

Газ конденсатынсыз мұнай өндірісі де артты

Тек газ конденсатын есептемегендегі мұнай өндірісін алсақ, маусымда тәулік көрсеткіші 1,7%-ға өсіп, күніне 1,92 млн баррельге жеткен.

Ал мамырда бұл көрсеткіш тәулігіне 1,88 млн баррель болған.

Өндіріс ОПЕК+ квотасынан әлі де жоғары

Соған қарамастан, Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында белгіленген квотадан артық мұнай өндіріп отыр.

Маусымда елге арналған шектеу тәулігіне 1,599 млн баррель болған. Ал шілдеде бұл көрсеткіш 1,608 млн баррельге дейін ұлғаяды.

Контекст

Бұған дейін ОПЕК+ елдері, соның ішінде Қазақстан, 5 шілдеде өтетін алдағы кеңесте мұнай өндіруге арналған мақсатты квоталарды қосымша арттыруды жоспарлап отырғаны хабарланған.