Палестина президенті Махмуд Аббас президентті және парламентті сайлауды 2027 жылғы 11 қыркүйекке ауыстырды. Бастапқыда дауыс беру биыл 28 қарашада өтуге тиіс болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Wafa ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Палестинада мұндай сайлау кейінгі рет 2006 жылы, яғни 20 жыл бұрын өткен.
Махмуд Аббас әкімшілігі мұндай шешім қабылдауға елдегі қауіпсіздік жағдайының күрделенуі мен дауыс беруді ұйымдастырудағы қиындықтар себеп болғанын түсіндірді.
Биліктің мәлімдеуінше, қазіргі жағдайда сайлауды толыққанды өткізу мүмкін емес.
Сайлауды кейінге қалдыру туралы шешімді Палестинаны азат ету ұйымының (ПАЕҰ) Атқарушы комитеті де қолдады.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, сайлау өтетін күн жарияланғаннан бері елдегі ахуал айтарлықтай өзгерген.
Бұған дейін Еуропалық одақ сайлауды қарашада өткізуді қолдаған еді.
Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас дауыс беру ұзақ уақыт бойы сайлау арқылы жаңартылмаған Палестина билік органдарының құрамын өзгертуге мүмкіндік беретінін айтқан.
«Палестина халқы өз өкілдерін сенімді, баршаға ашық әрі әділ сайлауда таңдауға құқылы», – деп атап өтті ол.
Еурокомиссар Дубравка Шуица да сайлауды 2026 жылдың аяғына дейін өткізуді қолдаған. Оның пікірінше, бұл Палестинаның мемлекеттік институттарын нығайту жолындағы маңызды қадам болар еді.
Сайлаудың кейінге қалдырылғаны ресми жарияланбай тұрып-ақ Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар Палестина президентін сынға алған.
Ол Махмуд Аббасты сайлау өткізу туралы уәдесін тағы да орындамады және халықаралық қауымдастықты жаңылыстырды деп айыптады.
Палестина аумағындағы кейінгі парламенттік сайлау 2006 жылы өткен.
Сол кезде ХАМАС қозғалысы Махмуд Аббас басқаратын ФАТХ партиясынан басым түсіп, жеңіске жеткен.
Содан бері Палестина парламентінің жаңа құрамы жалпыхалықтық сайлау арқылы жасақталған жоқ.