Былтыр Астанаға 1,6 млн турист келген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7%-ға көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Елордаға кімдер жиі келеді?
24.kz мәліметінше, Астанаға келген қонақтардың 380 мыңы – шетелдік туристер. Ал 1,2 млн-нан астамы – ел ішінен келген қазақстандықтар.
Елордаға көбіне Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ азаматтары саяхаттайды.
Мамандар туристер санының өсуі қала экономикасына да әсер етіп отырғанын айтады. Қонақүйлер, дәмхана-мейрамханалар, сауда орындары, көлік және экскурсия қызметтері туристік ағыннан қосымша табыс табады.
Астана халқы да артып келеді
Туристермен қатар елорда тұрғындарының саны да жыл сайын көбейіп жатыр. 1998 жылы Астанада шамамен 300 мың адам тұрса, қазір қала халқы 1,67 млн адамға жеткен.
Биылғы алғашқы жартыжылдықта тұрғындар саны тағы 38,5 мың адамға артты. Олардың көбі – жақын өңірлерден көшіп келген азаматтар.
Демографтардың айтуынша, Астанаға негізінен еңбек жасындағы адамдар қоныс аударады. Олар елордаға жұмыс, оқу және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі үшін келеді.
Мамандар 2035 жылға қарай Астана халқы 2 млн адамнан асуы мүмкін деп болжайды.