Елдің Бас мешітіне «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілді

Ulysmedia
religions-congress.org

Қазақстанның Бас мешітіне ресми түрде жаңа атау берілді. Енді ол «Нұрсұлтан мешіті» деп аталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаңа атау ресми қолданысқа енгізілгенін мәлімдеді.

ҚМДБ өкілдері Бас мешіт – елорданың ғана емес, барша Қазақстан мұсылман жамағатының ортақ рухани ордасы екенін атап өтті. 

Діни басқарманың мәліметінше, мешіт халық бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын насихаттауға, сондай-ақ, имандылық пен адамгершілікке негізделген игі бастамаларды қолдауға қызмет етіп келеді.

Контекст

Астанадағы орталық мешіт 2022 жылғы тамызда ашылған. Оның құрылысына бастамашы болған – Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл – Қазақстандағы және жалпы Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт. Негізгі ғимаратта бір мезетте 30 мың адамға дейін намаз оқи алады. Ал іргелес аумағын қоса есептегенде, мешіт 120 мыңға дейін келушіні қабылдауға қауқарлы.

Төрт мұнарасының биіктігі 130 метрге жетеді. Ал басты күмбезінің биіктігі шамамен 90 метр, диаметрі 62 метр.