Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Президенттің айтуынша, Астана – егемен еліміздің жүрегі, жарқын болашаққа ұмтылған ұлттың жасампаз күш-қуатының қайнары. Мемлекет басшысы халық тағдырына тікелей әсер ететін маңызды шешімдердің дәл осы қалада қабылданатынын атап өтті.
Тоқаев елорданың ауқымды тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналғанын айтып, бүгінде сапалық тұрғыдан жаңа басқару жүйелері енгізілген "ақылды қала" мәртебесіне ие болғанын жеткізді. Сонымен қатар соңғы жылдары қалада саябақтар, гүлзарлар мен балалар алаңдары салынып, мұның бәрі тұрғындар мен қонақтардың жайлы өмір сүруіне бағытталғанын айтты.
Президент Астана күні қарсаңында ұлт жылнамасындағы түбегейлі бетбұрыс кезеңіне жол ашқан Халық Конституциясының заңды күшіне енуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл тарихи оқиға билік пен қоғамның негізгі институттарын жаңғырту ісінің бастауы болды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы елорданың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң Астананың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейтіп, мемлекет дамуындағы айрықша маңызын айқындай түскенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың халықаралық беделі де артып келе жатқанын айтып, аймақтық және жаһандық саясаттың өзекті мәселелері бойынша маңызды шешімдердің елордада қабылдануы соның айқын дәлелі екенін жеткізді.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Бас қаламыз жауапты азаматтық ұстанымға, «Заң мен Тәртіпке», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық этиканың жарқын көрінісі болуға тиіс. Елордамыз Әділетті Қазақстанды құру жолында үлгі-өнеге көрсетіп, өсіп-өркендей береді деп сенемін. Құрметті Астана тұрғындары, баршаңызға амандық және табыс тілеймін! – деді Тоқаев.