Қазақстандық туристер үшінші күн қатарынан Қырғызстан тауларынан түсе алмай отыр

Ulysmedia
24.kg/ коллаж Ulysmedia

Шатқал аңғарында Қазақстан, Ресей және Қырғызстан туристері үшінші күн қатарынан таулы аймақтан түсе алмай отыр. Қара-Тоқой көлі маңында су деңгейі күрт көтеріліп, ағыс көпірлерді шайып кеткен. Салдарынан адамдар екі өзеннің ортасында қалып қойған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

24.kg мәліметінше, туристердің бірі Вильданның айтуынша, олардың тобында 3 баламен қоса 10 адам бар. Жақын маңда Бішкектен келген тағы бір туристік топ орналасқан. Онда шамамен 30 адам бар.

Туристер көпірлердің қалпына келтірілуін күтіп отыр. Өзендегі ағыс қатты болғандықтан, судан өздігінен өту мүмкін емес.

Адамдарға азық-түлік жеткізіліп жатыр

ТЖМ қызметкерлері туристерге азық-түлікті өзеннің арғы бетіне өткізіп жатыр. Оларға жергілікті тұрғындар, малшылар және жақын маңдағы ауыл адамдары да көмектесіп жүр.

Туристердің айтуынша, дүрбелең жоқ. Олардың көліктері, шатырлары бар, сол жерде түнеуге мүмкіндік болған. Қазір олар өткелдердің қалпына келтірілуін күтіп отыр. Содан кейін ғана таулы аймақтан қауіпсіз шыға алады.