Түркияда НАТО-ның саммиті қарсаңында 100-ден аса адам ұсталды

Ulysmedia
Reuters

Түркияда НАТО-ға қарсы акцияға қатысқан 100-ден аса адам ұсталды. Наразылық шарасын Түркия коммунистік партиясы ұйымдастырған. Акция жексенбіде Анкарада өтетін НАТО саммитіне бірнеше күн қалғанда өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

7-8 шілдеде Түркия астанасында альянсқа мүше 32 елдің басшылары, сондай-ақ, серіктес мемлекеттердің өкілдері бас қосады. Саммит қарсаңында Анкара билігі митинг өткізуге тыйым салып, бірқатар көшені жауып, көлік қозғалысына шектеу енгізді.

Анкара мен Ыстамбұлдағы наразылықтар

Reuters мәліметіше, шеру Анкараның орталығындағы Қызылай алаңында өткен. Партия өкілдері акция кезінде 100-ден аса адам, соның ішінде партия басшылылары ұсталғанын мәлімдеді.

Желіде тараған кадрларда наразылыққа шыққандар ту көтеріп, НАТО-ға қарсы ұрандар айтқан. Полиция оларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған.

TKP ұйымдастырған тағы бір митинг Ыстамбұлда өтті. Жүздеген адам Таксим алаңынан Долмабахчеге дейін шерулетіп барды. Бұдан бөлек, Кадыкөй ауданында солшыл ұйымдардың екі бөлек акциясы өткен. Онда полиция көп болғанымен, қақтығыс тіркелмеген.

Партия мәлімдемесі

TKP бас хатшысы Кемаль Окуян наразылық шаралары елдің бірнеше қаласында қатар өткенін айтты. Оның сөзінше, партия НАТО саммитінің өткізілуіне қарсы екенін білдіріп, Анкараның үнсіз қалмауын мақсат еткен. Ол бұл мақсат орындалғанын мәлімдеді.

Түркия билігі әзірге наразылықтар мен жаппай ұстауларға қатысты ресми пікір берген жоқ.

Сонымен қатар, өткен айда Анкарада антитеррорлық рейдтер жүргізілген. Сол кезде 225 адам ұсталып, кейін олардың 103-і қамауға алынған.

БАҚ мәліметінше, 5 шілдеде Түркия бойынша жаңа антитеррорлық операциялар аясында тағы 39 адам ұсталған. Олардың арасында тәуелсіз басылымдардың журналистері, белсенділер мен ғалымдар бар.

Оппозиция сыны

Прокүрдтік DEM партиясының тең төрағасы Тунджер Бакирхан мен ірі оппозициялық Республикалық халық партиясы басшысының міндетін атқарушы Кемаль Қылычдароғлу биліктің әрекетін сынға алды.

Бакирхан НАТО саммитін сылтау еткен билік елді жаппай ұстау орнына айналдырды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі жағдай жарияланбаған әскери тәртіпті еске салады.

Ал Түркия прокуратурасы бұған дейін антитеррорлық операциялар содырлардың әрекетін анықтау үшін жүргізіліп жатқанын және алдағы НАТО саммитіне қатысы жоқ екенін мәлімдеген.