Павлодар облысының әкімі Ертіске шомылып, суға қатысты сынға жауап берді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодардағы орталық жағажайдан тікелей эфирге шығып, Ертіске түсті. Осылайша ол желідегі өзен суы ластанған деген әңгімеге жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Өңір басшысының айтуынша, желіде тараған мұндай пікірлер шындыққа сай келмейді. Байханов судың лай болып көрінуі оның ластанғанынан емес,  Ертістің ағысы қатты болғаннан дейді. Салдарынан өзен түбіндегі құм көтеріліп, су лай секілді көрінеді.

Ол Ертіс арқылы жылына шамамен 32 миллиард текше метр су өтетінін, ал бір тәуліктегі су көлемі 80 миллион текше метрге жуықтайтынын атап өтті. Байханов мұндай қатты ағыстан судың тұрып қалмайтынын айтты.

Өзен суының негізгі бөлігі Қазақстан, Ресей және Моңғолия түйіскен тұстағы Алтай тауынан бастау алады.

Тікелей эфир кезінде әкім алақанымен суды көрсетті. Содан кейін өзі өзенге сүңгіді.

– Су өте жақсы, – деді ол.

Контекст

Асайын Байханов Павлодар облысын 2022 жылдан бері басқарып келеді. Бұған дейін банк саласында жұмыс істеген, кейін облыс әкімінің орынбасары және Павлодар қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

Айта кетейік, өңір басшысы әлеуметтік желіні белсенді жүргізеді.