Бизнес-джет дауы: ҚМГ басшысы журналистерге не деп жауап берді

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов компания Jet ұшағын пайдаланғаны үшін ақша төлемегенін мәлімдеді. Ол бұл жағдай бойынша Orda.kz сайтына қатысты сот процесі жүріп жатқанын да айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Jet ұшағына қатысты тараған ақпаратқа пікір білдірді.

Оның айтуынша, компания аталған әуе кемесі үшін қаржы төлемеген. Jet ұшағы Атырау облысына шұғыл жету қажет болғандықтан, серіктес ұйым тарапынан ұсынылған.

– Біздің, «ҚазМұнайГаз» тарапынан Jet-ке ешқандай ақша төлеген жоқпыз. Сол күні жұмыс барысымен Атырау облысына жедел баруымыз керек болды, іс-шаралар көп еді. Сол себепті серіктес мекеме бізге осындай көмек көрсетті. Біз «ҚазМұнайГаз» атынан Jet ұшақтарымен ұшқан жоқпыз, – деді Асхат Хасенов.

Сондай-ақ компания басшысы осы мәселеге байланысты Orda.kz сайтына қатысты сотқа жүгінгені туралы сұраққа жауап берді.

– Қазір бұған қатысты жауап бере алмаймын. Себебі тиісті тергеу және сот жұмыстары жүріп жатыр. Оның аяқталуын күтуіміз керек, – деді ол.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, былтыр «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасеновтің жеке ұшақпен сапары туралы мәселе әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін қоғам назарын аударды. Кадрларда ұлттық компания басшысы мен бірқатар лауазымды тұлғалардың Атырау әуежайында Bombardier Challenger бизнес-джетімен келгені көрінеді.

Асхат Хасенов бұл сапарға қатысты түсінік беріп, бизнес-джетті кейінгі уақытта бір рет қана пайдаланғанын айтты. Оның сөзінше, ұшаққа кеткен шығынды өзі де, «ҚазМұнайГаз» да төлемеген, оны компанияның серіктестері ұсынған.

Ұлттық компания басшысы ұшудың 2025 жылғы 5 қыркүйекте болғанын айтып, сол күні Астанада мұнай-газ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысып, кешке Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдығына арналған шараға барғанын түсіндірді.

«ҚазМұнайГаз» – Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ірі ұлттық компаниясы. Оның активтері мен қызметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы мемлекет бақылауында. Компанияның басшылығының шешімдері мен шығындары мемлекеттік активтердің тиімді басқарылуы тұрғысынан жиі қоғамдық бақылауда болады.

Айта кетейік,  Асхат Хасенов «ҚазМұнайГаз басшысы болып 2024 жылғы мамырда тағайындалды.