Анкарада өткен НАТО саммиті аясындағы қорғаныс өнеркәсібі форумында одақтас елдер жалпы құны кемінде 50 млрд доллар болатын бірқатар келісім жасасты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Türkiye газетіне сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
Басылымның жазуынша, әлем назар аударған саммит барысында НАТО мүшелері арасында қорғаныс саласындағы ауқымды ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған.
– Келісімдер қару-жарақ, әскери техника және жаңа технологиялар өндірісін дамытуға, сондай-ақ одақтас елдердің қорғаныс әлеуетін күшейтуге бағытталған. Ең ірі жобалардың бірі – көлемі 40 млрд доллар болатын инвестициялық бағдарлама. Ол НАТО елдерінің ұшқышсыз ұшу аппараттары төндіретін қауіптерге қарсы мүмкіндігін арттыруды көздейді, – деп хабарлады газет.
Türkiye мәліметінше, бағдарлама аясында дрондарға қарсы қорғаныс жүйелерін дамыту, мамандар даярлау және елдердің бірлескен операциялық мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланған.
Сонымен қатар форумда НАТО-ның қолданыстағы AWACS әуе радиолокациялық барлау және басқару ұшақтарының орнын басатын жаңа буын платформаларын әзірлеу бағдарламасы іске қосылды.