АҚШ Иранға қарсы жаңа шабуыл бастады

Ulysmedia
Видеодан алынған скрин

АҚШ әскері Иранға қарсы жаңа соққыларды бастағанын мәлімдеді. АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, операцияның мақсаты – Тегеранның Ормуз бұғазындағы теңіз қатынасына қауіп төндіру мүмкіндігін шектеу. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың бітімнің тоқтатылғанын жариялағанынан бірнеше сағат өткен соң болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОҚҚЫЛАР АУҚЫМДЫ БОЛДЫ

АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранға жасалған жаңа шабуылды ресми түрде растады.

– АҚШ өмірлік маңызды халықаралық су жолы арқылы еркін қатынайтын коммерциялық кемелер мен азаматтық экипаждарға қарсы жасалған соңғы негізсіз агрессия үшін Иранды жауапқа тартады, – делінген қолбасшылық мәлімдемесінде.

Axios мәліметінше, қазіргі операция бұған дейінгі шабуылдарға қарағанда ауқымдырақ болған. Соққылар Ислам революциясы сақшылар корпусының нысандарына, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, жағалау радарларына және кемеге қарсы зымыран кешендеріне бағытталған.

ТРАМП НЕ ДЕЙДІ?

АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа шабуыл Иранның коммерциялық кемелерге жасаған соққыларына жауап болғанын айтты.

– Бұл – Иранның кеше кемелерді бомбалауына берілген жауап. Егер бұл қайталанса, жағдай әлдеқайда нашар болады! – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

CNN мәліметінше, жаңа операция туралы шешім тек кемелерге жасалған шабуылдарға байланысты емес. Сондай-ақ Трамптың бұған дейінгі келісімдерден кейін Ормуз бұғазы теңіз қатынасы үшін толық қауіпсіз аймаққа айналмағанына наразылығы да әсер еткен.

Соққылар аясында Бахрейн мен Кувейтте әуе дабылы қосылды. Кувейт билігі зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдары тойтарылғанын хабарлады.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Дональд Трамп Иранмен арадағы бітімнің күшін жойғанын мәлімдеп, Тегеранмен бұдан кейінгі келіссөздерді «уақытты босқа кетіру» деп атаған еді.

Сол түні АҚШ Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдарға жауап ретінде Ирандағы 80-нен астам әскери нысанға соққы жасағанын мәлімдеді.

Осыдан кейін Иран Бахрейн мен Кувейттегі америкалық нысандарға жауап соққысын жасағанын хабарлады.