Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы жинақтарының инфляция деңгейіне сай сақталуына қатысты мемлекеттік кепілдік алынып тасталады, деп жазды экономист Меруерт Махмұтова.
Оның айтуынша, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет әлеуметтік шығыстарды қысқартуды жоспарлап отырғанын айтқан еді. Осыған қатысты заңға Президент 2026 жылғы 11 маусымда қол қойған.
Қолданыстағы тәртіп бойынша мемлекет азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинағының инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына кепілдік береді. Яғни, егер зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляциядан төмен болса, айырмашылық бюджет есебінен өтелетін.
Алайда Әлеуметтік кодекстегі өзгерістерге сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл норма алынып тасталады. Заңда Әлеуметтік кодекстің 217-бабынан «инфляция деңгейін ескере отырып» деген тіркес алып тасталатыны көрсетілген.
- Бұл өзгеріс үкіметтің зейнетке шығатын азаматтарға БЖЗҚ активтерінің табыстылығы инфляциядан төмен болған жағдайда айырмашылықты өтеу міндеттемесінен бас тартатынын білдіреді. Соның нәтижесінде бюджеттен осы мақсатқа жұмсалатын шығын да қысқарады, - деп жазды ол.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға аудару тетігін дамытуға бағытталған болуы мүмкін. Өйткені жаңа ережеге сәйкес, енді салымшылар өз жинағының 100 пайызына дейін жеке инвестициялық басқарушы компанияларға бере алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жинақтың 50 пайызына ғана берілген еді.
Дегенмен сарапшылар бұл қадамның тиімділігіне күмән келтіреді. Өйткені қазіргі таңда зейнетақы активтерін басқаратын бес компанияның тек екеуі ғана инфляциядан жоғары табыстылық көрсете алған.