Жеңіл түрде COVID-19 жұқтырған адамдардың өзінде көздің дұрыс көрмей қалуы бірнеше жыл бойы сақталуы мүмкін. Ғалымдар жүргізген проспективті зерттеу нәтижесі Nature Communications ғылыми журналында жарияланды.
ЗЕРТТЕУ НЕНІ КӨРСЕТТІ?
Ғалымдар коронавируспен ауырғаннан кейін ұзақ уақыт көзіне шағымданған 100 науқастың жағдайын зерттеген. Олардың ешқайсысы ауруханаға жатқызылмаған, яғни инфекцияны жеңіл өткізгендер.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес:
- науқастардың 78,2%-ында көру қабілетінің нашарлауы бір жылдан астам уақыт сақталған;
- 33,3%-ында бұл белгілер екі жылдан да ұзақ жалғасқан;
- 33% адам денсаулығына байланысты уақытша немесе толық еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуге мәжбүр болған;
- ал 39%-ына ресми түрде диагноз қойылған.
КӨЗДЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БАЙҚАЛҒАН?
Зерттеу барысында мамандар бірқатар өзгерісті анықтады. Атап айтқанда, кейбір науқастарда қылилық, көз қарашығының жарыққа реакциясының әлсіреуі, қасаң қабық жүйкелерінің зақымдануы және көздің беткі қабатындағы иммундық жасушалардың созылмалы белсенділігі тіркелген.
Ғалымдардың айтуынша, COVID-19 шеткі жүйке жүйесінің зақымдануына және көздің вегетативтік жүйке жүйесінің қызметінің бұзылуына себеп болуы мүмкін. Мұндай өзгерістер кәдімгі офтальмологиялық тексерулер кезінде анықтала бермейді және арнайы диагностика жүргізуді талап етеді.
КӨЗ ЖАСЫ АРҚЫЛЫ АНЫҚТАЛҒАН ӨЗГЕРІСТЕР
Зерттеушілер көз жасының құрамын да талдаған. Нәтижесінде тіндердің зақымдануы мен жүйке талшықтарының бұзылуын көрсететін ITGB6 және NFASC ақуыздарының деңгейі айтарлықтай жоғарылағаны анықталған. Ғалымдардың мәліметінше, жеңіл түрде COVID-19 жұқтырған адамдардың көз жасындағы ақуыздардың құрамы ауыр жағдайда ауырған науқастардағы көрсеткіштерге ұқсас болған.
«ПОСТКОВИДТІК КӨЗ СИНДРОМЫ»
Зерттеу авторлары анықталған белгілерді жеке медициналық жағдай ретінде қарастырып, оны «постковидтік көз синдромы» деп атауды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, коронавирус пандемиясы кең таралғанын ескерсек, әлемде көру қабілетінің бұзылғанын білмейтін адамдардың саны көп болуы мүмкін. Мұндай өзгерістер адамның өмір сүру сапасын айтарлықтай төмендетеді.
Бұған дейін Science Daily басылымы ауыр өткен COVID-19 инфекциясы өкпе обырының даму қаупін арттыруы мүмкін екенін жазған болатын. Зерттеу авторлары бұл қауіп негізінен ауруханаға жатқызылған науқастарда жоғары болатынын атап өткен.