Қазақстанда пәтер мен үйге сұраныс артты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz

Маусымда Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығы айтарлықтай жанданды. Бір айдың ішінде ел бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 053 мәміле тіркелді. Бұл мамырмен салыстырғанда 28,4 пайызға көп. Мамырда 30 420 мәміле рәсімделген еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әдеттегідей ең көп тұрғын үй Алматыда сатылған - 6 841 мәміле. Бұл жалпы көрсеткіштің 17,5 пайызына тең. Одан кейінгі орында Астана тұр - 6 436 мәміле немесе 16,5 пайыз. Үшінші орында Қарағанды облысы - 3 772 мәміле, яғни 9,7 пайыз.

Ең аз мәміле Ұлытау облысында тіркелген - барлығы 360.

Елдің барлық өңірінде өсім байқалды

Мамырмен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны Қазақстанның барлық өңірінде артқан. Ең жоғары өсім Маңғыстау облысында тіркелді. Бұл өңірде сатылым бірден 67,4 пайызға көбейген. Қарағанды облысында өсім 43,4 пайыз, Атырау облысында 40,9 пайызға жетті.

Пәтерлер жиі сатылған

Маусымдағы мәмілелердің басым бөлігі көпқабатты үйлердегі пәтерлерге тиесілі. Бір айда мұндай мәмілелер саны 25,9 пайызға, яғни 6 051 мәмілеге көбейген. Жалпы маусымда 29 432 пәтер сатылды. Бұл – тұрғын үй нарығындағы барлық мәміленің 75,4 пайызы.

Пәтерлер ең көп Астанада сатып алынған. Елордаға барлық пәтер сатылымының 21,4 пайызы тиесілі. Алматының үлесі - 21,2 пайыз, Қарағанды облысының үлесі - 10,5 пайыз.

Әдеттегідей, бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары болды. Маусымда мұндай баспана бойынша 11 348 мәміле тіркелді.

Жер үйлерге де сұраныс артты

Сатып алушылар жеке тұрғын үйлерді де жиі рәсімдей бастаған. Бір айда мұндай мәмілелер саны 36,7 пайызға өсті. Маусымда ел бойынша жеке үйлерге қатысты 9 621 мәміле жасалды. Бұл мамырмен салыстырғанда 2 582 мәмілеге көп.

Жеке үйлердің сатылымы Қазақстанның барлық дерлік өңірінде артқан. Тек Шығыс Қазақстан облысында мәмілелер саны аздап, 1,4 пайызға төмендеген.