Өнертанушы Құрылтайға өтетін адамдарға қатысты өткір пікір білдірді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Эпик жыршы, этномузыкатанушы Берік Жүсіпов әлеуметтік желідегі парақшасында елдегі қоғамдық-саяси ахуалға қатысты өткір пікір білдірді. Ол жазбасында қоғамда болып жатқан кейбір әрекеттер халықтың сеніміне селкеу түсіріп, көпшіліктің үмітін ақтамай жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

«Халық халтура атаулыдан шаршады»

Берік Жүсіповтің сөзінше, бұрыннан таптаурын болған саяси әдістер мен жасанды әрекеттер қазіргі қоғамға әсер етпейді. Өйткені халықтың танымы да, талғамы да, талабы да өзгерген.

«Басқаны білмеймін, көп бөстекі әңгімеде де шаруам шамалы. Білетінім, осындай «сайқымазақ саясатты» тоқтату керек еді, негізі. Шынымды айтсам, осы таптаурын болған «саяси технологияларың» үкілі үмітпен отырған қара халыққа дым қызық болмай қалды, төрде отырған төрелер. Егер осыны да «технология» деп ойласаңдар, онда сендерге жедел түрде технолог ауыстыруға тура келеді. Онсыз, ендігі жерде алға жылжуың қиын: мұның шын аты тоспа су — тихий омут! Білсеңдер, кейбіреулер театрдағы әртістің тірлігінен де төмен әрекет жасап отыр. Ұлтыңа әлсін-әлсін шаптүрткі жасап, шыдамын тексергенде, сендер не табамын дейсіңдер, осы? Қазір уақыт да, деңгей де, таным да, тіпті, мемлекеттің ұстанған бағыт-бағдары да өзгерген. Иә, егер айтылып жатқан уәлі сөздері мен беріліп жатқан уәделері шикі болмай, рас болса, біз — қарапайым халық, солай деп ойлаймыз. Біз Қазақстан деген мемлекеттің, оның бірінші тұлғасы Президенттің жүргізіп отырған саясатына сенеміз. Әрі-берідесін, сенгіміз келеді, сенгесін де алдымыздағы жақсылықтардан үміт етеміз. Әйтпесе, халық халтура атаулыдан шаршады. Бәлкім, байқамайтын да шығарсыңдар, сендердің мына тірліктерің жаппай үмітсіздікке алып келе жатыр», – деп жазды ол.

Өнер иесі ел ішінде сенім мен үміттің азаюына себеп болатын әрекеттерден сақ болу керек екенін баса айтты. Оның айтуынша, халықты төмен санау, елдің шыдамын сынау, қоғамды жасанды тәсілдермен басқаруға тырысу жақсылыққа апармайды.

«Сендерді және бұл қатардағыларды білмедім, мен білетін мақсат айқын, міндет біреу: қалай да ел болуымыз керек! Бұл — осы байтақты жасаған байырғы ата-баларымыздың асыл арманы. Өз еркімізбен бола алмаймыз ба, ол кезде мұның ақыры жақсы болмайды, түптің түбінде қылша мойныңа ажырғы байлап тынасың. Біз емес, соны «тындыратын» сендер. Ол кезде мына қызыл тілі салақтаған қол «бұлбұлдардың» қай-қайсысы да далақтап, далада қалады», – деп жазды Берік Жүсіпов.

«Масқарапаздар» Құрылтайдың төрінде отыратын болса, сөзім жоқ, ел бола алмайсың, Қазақия»

Сондай-ақ, ол алдағы Құрылтайға қатысты да ойын ашық айтты. Оның пікірінше, елдік мәселе талқыланатын мінберге халықтың сөзін сөйлей алатын, ұлттық мүддені түсінетін, білімі мен тәжірибесі бар азаматтар шығуы керек. Берік Жүсіпов Құрылтай төрінен орын алатын азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Оның сөзінше, егер ел алдында сөйлейтін мінберге халықты менсінбейтін, қоғамды дұрыс түсінбейтін адамдар көтерілсе, бұл елдікке сын болады.

«Сондай-ақ, егер мына бізді «нан танымас надан» деп насихаттап жатқан «масқарапаздар» Құрылтайдың төрінде отыратын болса, сөзім жоқ, ел бола алмайсың, Қазақия. Бұлай болғанда біз де Құрылтайға ұмтылатын едік қой, ең болмаса баяғы «Б» корпусына тест тапсырған тәжірибеміз бар, ауызымызда асыл сөз, кәлламызда ізгі ой һәм ұлтына, мемлекетіне деген жанашырлығын айтпағанда, тоғыз заңды жатқа білетін қабілет-қарымымыз орнында бойымыздағы. Біз ойладық қой, Ұлттық деп дәріптелген, дабыралатқан жерге енді кілең шекесінен миы ағып тұрған ығай мен сығайлар легі келеді екен деп. Мыналарың болмады, жолдастар! Мен өз ойымды айттым, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Бар десеңдер де, ендігісін өздерің білерсіңдер», – деді ол.

Жазбаның аяғында Берік Жүсіпов өз пікірінен бас тартпайтынын, елге керек сөзді ашық айтуға дайын екенін жеткізді. Ол қажет болса, Құрылтай мінберіне шығып, қоғамды толғандырған мәселелерді нақты әрі ашық айтуға әзір екенін жазды.

Желі қолданушылары өнер иесін қолдап түрлі пікір жазып жатыр. 

Контекст

Қазақстандағы партиялардың сайлауалды тізіміне өнер адамдары, тележүргізушілер мен блогерлердің енуі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе Аша Матай мен Тамара Асардың Қазақстан халық партиясына, ал «Ирина Кайратовна» тобының продюсері Азамат Маркленовтің Respublica партиясының қатарына қосылуы саясат пен шоу-бизнестің ара-жігі қайда деген сұрақ туғызды.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, танымал тұлғалар партиялар үшін сайлаушы назарын аудартудың тиімді құралы. Өйткені көпшілік саясатты күнделікті бақылап отырмайды, ал елге таныс адамдар партияға деген сенімді арттыруы мүмкін.

Ал саясаттанушы Замир Каражанов мұны партиялық жүйедегі әлсіздіктің белгісі деп санайды. Оның пікірінше, саясатқа түрлі сала өкілдері келе алады, бірақ партиялар ең алдымен заң шығару ісін түсінетін, ел мүддесін қорғай алатын азаматтарды іріктеуі керек.

Сарапшылардың бірі мұны саяси технология десе, екіншісі партиялардың жауапкершілігіне қатысты дабыл деп бағалайды.

Айта кетейік, Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.