«Қазгидромет» синоптиктері 12 шілдеде Қазақстанда ауа райы қолайсыз болатынын ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Қызылорда облысында күндіз шығыс және орталық аудандарда шаңды дауыл тұруы мүмкін. Солтүстік-шығыс пен солтүстіктен соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Облыс бойынша жоғары өрт қаупі сақталады, ал орталығы мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі бар. Қызылорда қаласында да шаңды дауыл болып, жел күшейеді. Бұдан бөлек, 12-17 шілде аралығында облыстың оңтүстігінде ауа температурасы +45 градусқа дейін көтерілуі ықтимал.
Түркістан облысының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірдің солтүстігі мен батысында шаңды дауыл тұруы мүмкін, жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Облыстың басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Түркістан қаласында шаңды дауыл, ал Шымкентте қатты жел күтіледі.
Астанада күндіз аптап ыстық болады. Ауа температурасы +35...+37 градусқа дейін көтеріледі.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауылды жел соғуы мүмкін. Түнде облыстың солтүстігінде қатты жауын-шашын болжанып отыр. Жел екпіні 15-20 м/с жетеді. 12-15 шілде аралығында күндіз ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін жоғарылайды.
Қостанай облысының батысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстігінде өткінші жауын-шашын мен найзағай күтіледі. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында түнде және күндіз кей жерлерде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні 15-18 м/с дейін күшейеді. Өңірдің оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Атырау облысының солтүстігі мен батысында түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таңертең оңтүстігінде тұман түсуі мүмкін. Күндіз жел 15-18 м/с дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысында күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Жел екпіні 15-20 м/с жетуі мүмкін.
Алматы облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Іле Алатауы тауларында да осындай ауа райы болжанып отыр.
Жетісу облысының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Алакөл көлдері ауданында күндіз жел екпіні 23-28 м/с дейін жетуі мүмкін. Өңірдің батысы мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-шығысында шаңды дауыл тұруы ықтимал. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Табиғи өрт қаупі жоғары
Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында да жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жел екпіні 23 м/с дейін күшеюі мүмкін.
Маңғыстау облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Ал Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Ұлытау облыстарында басты қауіп - құрғақ ауа райы мен табиғи өрттердің тұтану қаупі.