Башқұртстандағы ірі мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасады

Ulysmedia
Exilenova+

Ресей аумағындағы инфрақұрылым нысандарына тағы да шабуыл жасалды. Бұл жолы Башқұртстандағы «Газпром нефтехим Салават» зауытына дрондар шабуыл жасаған. Жергілікті тұрғындар бірнеше жарылыстың дауысын естіп, кейін кәсіпорын аумағынан қою қара түтін көтерілгенін айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Дрондар Башқұртстанның Салават қаласындағы «Газпром нефтехим Салават» зауытына шабуыл жасаған. Кәсіпорын Ресей мен Украина шекарасынан шамамен 1 400 шақырым қашықтықта орналасқан.

Шабуылдан кейін әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады. Кадрлардан өндірістік аймақтан қою қара түтін көтеріліп жатқаны көруге болады. Куәгерлер бірнеше жарылыс болғанын айтқан.

Салаваттағы зауыт – Ресейдегі ең ірі мұнай-химия кешендерінің бірі. 2024 жылы мұнда 7,2 млн тонна мұнай шикізаты өңделген. Бұл Ресейдегі жалпы мұнай өңдеу көлемінің шамамен 2,7%-ына тең.

Айта кетейік, бұл кәсіпорын бұған дейін де дрон шабуылына ұшыраған. 2025 жылдың қыркүйегінде ұшқышсыз аппараттар зауытқа екі рет соққы жасап, мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысында өрт шыққан. Сол кезде Башқұртстан билігі кәсіпорынның штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеген.

РЕСЕЙДЕГІ МҰНАЙ ӨҢДЕУ КӨЛЕМІ ТӨМЕНДЕП ЖАТЫР

Жаңа шабуыл Ресейдегі мұнай өңдеу көлемінің айтарлықтай төмендеген кезде жасалды.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, қазіргі таңда Ресей зауыттары кейінгі жиырма жылдағы ең төмен деңгейде мұнай өңдеп жатыр. Шілде айында тәулігіне орта есеппен 3,91 млн баррель мұнай өңделіп жатыр. Бұдан төмен көрсеткіш кейінгі рет 2005 жылдың наурызында тіркелген.

Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарындағы өңдеу көлемі тәулігіне шамамен 1,4 млн баррельге азайған.

Сондай-ақ шабуылдардың ауқымы да ұлғайып келеді. Bloomberg есебіне сәйкес, кейінгі 100 күнде Украина күштері Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына шамамен 50 рет шабуыл жасаған. Соның салдарынан елдегі 34 ірі мұнай өңдеу зауытына кемінде 24-і түрлі деңгейде зақым келген.