Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша мұнай мен газ өндіру көлемі азайып, керісінше көмір өндіру артқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
14 шілдеде өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай өндіру және өңдеу көрсеткіштері былтырғымен салыстырғанда төмен екенін айтты.
– Мұнай өндіру көлемі 45,7 млн тонна болды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 91,6%-ды құрайды. Қазіргі уақытта мұнай өндіру көлемін арттыру бойынша ірі жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деді министр.
Оның айтуынша, өндіріс көлемінің төмендеуін өтеу үшін Қашаған кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары кейінге шегерілген. Соның нәтижесінде шамамен 2 млн тонна мұнай өндірісі сақталып қалды.
Қазіргі уақытта жалпы өндірістік шығын көлемі 4,9 млн тоннадан 3,3 млн тоннаға дейін қысқарған.
Энергетика министрлігі жыл соңына дейін мұнай өндіру көлемін 98 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Мұнай өңдеу көлемі де өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 2,1% азайған. Қазір бұл көрсеткіш 8,98 млн тонна болды. Жыл соңына дейін оны 18,2 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
ГАЗ ӨНДІРІСІ
Газ өндіру көрсеткіштері де төмендеген. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында елде 31,4 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,1% аз. Осы жылға арналған болжам – 64,5 млрд текше метр.
Тауарлық газ өндірісі де бір жылда шамамен 13% қысқарып, 12,2 млрд текше метр болды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 27,5 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр.
Энергетика министрлігі жоспарлы көрсеткіштерге жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу арқылы қол жеткіземіз деп үміттенеді. Соның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы негізгі жобалардың бірі саналады.
– Бұл жобаны іске асыру болашақта газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтіп, өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ерлан Ақкенженов.
КӨМІР ӨНДІРІСІ
Биыл өндірісі өсіп отырған жалғыз энергетикалық ресурс – көмір. Алғашқы жартыжылдықта 58,9 млн тонна көмір өндіріліп, бұл 2025 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 12,4% көп. Жылдық жоспар – 128,9 млн тонна.
Қазақстан көмірінің экспорты да 4,1% өсіп, алғашқы алты айда 10,1 млн тоннаға жетті. 2026 жылдың соңына дейін экспорт көлемін 33,2 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.
Энергетика министрінің баяндамасын тыңдаған премьер-министр Олжас Бектенов өңір елдеріндегі жанармайға қатысты қиындықтарды еске салып, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
– Жанармайға қатысты жағдайды бақылауда ұстаңыздар. Бұл бағытта тиісті тапсырмалар берілген, – деді Олжас Бектенов.