Қайрат Сатыбалдының Алматыдағы бизнес орталығы тағы да сатылмай қалды

Ulysmedia
e-qazyna.kz

Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Алматыдағы Kaisar Plaza сауда-офис орталығын сату бойынша өткен электронды сауда-саттық тағы да нәтиже бермеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

14 шілдеде ұйымдастырылған аукционға бірде-бір сатып алушы өтініш бермеген. Осыған байланысты нысанды сату бойынша сауда-саттық өтпей қалды.

Kaisar Plaza нысаны бағаны көтеру тәсілімен сатылымға шығарылған. Оның бастапқы құны 47,3 млрд теңге (ҚҚС есептелмеген) болды. Ал аукционға қатысу үшін талап етілген кепілдік жарна мөлшері 7,1 млрд теңгеден асқан.

ҒИМАРАТ ТУРАЛЫ

Жалпы аумағы 63,9 мың шаршы метр болатын тоғыз қабатты бизнес орталық 2017 жылы салынған. Ғимарат Алматының Алмалы ауданында, Желтоқсан көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Жер телімінің көлемі — 0,72 гектар.

Қазіргі таңда нысан «КУВА» ЖШС-нің еншілес ұйымының сенімгерлік басқаруында. Бизнес орталық өз жұмысын жалғастырып жатыр, ғимаратта бүгінде 53 жалға алушы бар.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұл Kaisar Plaza-ны сатуға жасалған алғашқы әрекет емес. Биыл ақпан айында да нысан саудаға шығарылған еді. Ол кезде бастапқы баға 61,5 млрд теңге деп белгіленген еді. Алайда сатып алушылар табылмағандықтан, аукцион өтпей қалған.

Еске салайық, 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыдан мемлекетке қайтарылған активтер туралы ақпарат жариялаған. Олардың қатарында әкімшілік ғимараттар, оның ішінде Kaisar Plaza бизнес орталығы, элиталық жылжымайтын мүлік, пәтерлер, автокөліктер, бағалы зергерлік бұйымдар, компаниялардағы үлестер, акциялар, теміржол активтері және шетелден қайтарылған қаражаттар болған.

Мемлекетке қайтарылған активтердің жалпы құны сол кезде 732,8 млрд теңге деп бағаланған.