Алматы мен Қаскелеңді жалғайтын ең қарбалас жолдардың бірі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Тәулігіне шамамен 60 мың көлік қатынайтын учаскедегі құрылыс жұмыстары 20 шілдеде басталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жобаны Үкімет отырысында талқылады. Алматы тұрғындары мен қала маңындағы елді мекендердің халқы ұзақ жылдар бойы бұл бағыттағы көлік кептелісіне шағымданып келген. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолды кеңейтуді тапсырған.
Премьер-министр Олжас Бектенов мердігер компанияға осы аптаның соңына дейін құрылыс техникасын жеткізіп, жұмысшыларды жұмылдыруды тапсырды. Ал негізгі құрылыс жұмыстары 20 шілдеде басталады.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жобаға қажетті жер телімдеріне қатысты алыпсатарлықтың алдын алу үшін олардың құнын 14 шілдедегі жағдай бойынша бекітуді тапсырды.
ӨТКІЗУ ҚАБІЛЕТІ ЕКІ ЕСЕ АРТАДЫ
Жоба аясында Алматы – Қаскелең автожолының ұзындығы сегіз шақырым болатын бөлігі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Бұдан бөлек, екі жолайрық пен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынады.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдың өткізу қабілеті екі есеге артады деп жоспарланып отыр. Құрылыс 2027 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс.
АЛМАТЫ ЖОЛДАРЫНДАҒЫ КӨЛІК САНЫ
Қазір Алматы – Қаскелең тасжолымен тәулігіне шамамен 60 мың көлік жүреді. Жалпы Алматыға күн сайын 300 мыңға жуық автокөлік кіреді. Қоғамдық көліктерді қоса есептегенде, қала жолдарындағы тәуліктік көлік ағыны 1 миллионнан асады.
Көлік жүктемесін азайту үшін билік Абылай даңғылын емес, Абай даңғылын ҮАААЖ дейін ұзартуды да жоспарлап отыр. Сонымен қатар Алматы облысында Ұзынағаш ауылынан басталатын ұзындығы 32 шақырым болатын балама автожолдың құрылысы басталған. Бұл жол да Алматы – Қаскелең бағытындағы қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.