Қазақстанда Threads, ChatGPT платформалары қандай жағдайда бұғатталуы мүмкін

Ulysmedia
Ulysmedia

Қазақстанда салық міндеттемелерін орындамайтын шетелдік интернет-платформаларға шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап шетелдік интернет-компанияларды бұғаттау тетігі қолданысқа енгізілді. Алайда бұл шара бірден қолданылмайды: әуелі компанияларға хабарлама жіберіліп, анықталған сәйкессіздіктер бойынша түсініктеме беру мүмкіндігі ұсынылады.

– Біз алдымен хабарлама жібереміз, расында қандай себеп болғанын анықтаймыз. Егер компаниялар хабарламаларды елемесе, тиісті шаралар қабылданады. Соның бірі – интернет-платформаны бұғаттау, – деді Талғат Әділов.

Ведомство өкілінің сөзінше, бұғаттау компанияның шоттарына емес, оның интернет-сайтына қатысты болады, яғни Қазақстан аумағындағы пайдаланушылар мұндай платформаларға кіре алмауы мүмкін.

Қазір ведомство салық төлемеген немесе міндеттемелерінде айырмашылық анықталған компаниялармен жұмыс жүргізіп жатыр. Әділовтің айтуынша, алғашқы бұғаттаулар алдағы бір-екі ай ішінде басталуы мүмкін.

GOOGLE САЛЫҒЫ

Сонымен қатар ол Қазақстанда «Google салығы» деп аталатын шетелдік интернет-платформаларға салынатын қосылған құн салығы (ҚҚС) 2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда 131 шетелдік интернет-компания шартты тіркеуде тұр. Олардың қатарында Apple, Google, Valve Corporation сияқты ірі компаниялар бар.

ПЛАТФОРМАЛАР ҚАНША САЛЫҚ ТӨЛЕДІ

МКК мәліметінше, 2022 жылдан бері шетелдік интернет-платформалардан бюджетке 171 млрд теңге түскен. Тек 2025 жылы түсім көлемі 57 млрд теңге болған.

Сондай-ақ ведомство 2025 жылдың қорытындысы бойынша 77 компаниядан салық міндеттемелеріне қатысты сәйкессіздік анықтаған. Тексеру нәтижесінде кейбір компаниялар қосымша төлем жасаған. Мәселен, AliExpress 600 млн теңгеден астам, ал ChargePoint 1,8 млрд теңге көлемінде қосымша салық төлеген.