«Федоровты қайтарыңдар»: Украинада қорғаныс министрінің қызметтен кетуіне қарсы акциялар өтті

Ulysmedia
facebook / MasiNayyem

Украинаның бірнеше қаласында президент Владимир Зеленскийдің үкімет құрамын жаңарту туралы шешімінен кейін қызметінен кететін қорғаныс министрі Михаил Федоровты қолдау акциялары өтті,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Украиналық БАҚ мәліметінше, митингілер Киев, Львов, Харьков, Одесса, Днепр және басқа да қалаларда ұйымдастырылған. Акцияға қатысушылар «Федоровты қайтарыңдар», «Жұмыс істеп тұрған жүйені бұзбаңдар», «Кеңестік тәсіл емес, инновация керек» деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан. Олар билікті министрді қызметінен босату туралы шешімді қайта қарауға шақырды.

Ең ірі акциялардың бірі Киевтегі Иван Франко атындағы театр алаңында, Президент кеңсесіне жақын жерде өтті.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін Михаил Федоров қызметінен кететінін растап, украиналықтарға және өз командасына бірлескен жұмысы үшін алғыс айтқан болатын. Қоштасу үндеуінде ол Қорғаныс министрлігін басқарған кезеңде қол жеткізілген нәтижелерді атап өтті.

Сонымен қатар Федоров барлық жоспарды жүзеге асыру мүмкін болмағанын мойындады. Оның айтуынша, министрлік толықтай НАТО стандарттарына көшіп үлгермеген.

Бұған дейін Владимир Зеленский үкімет құрамын жаңартатынын мәлімдеген еді. БАҚ мәліметінше, Қорғаныс министрлігін қазіргі Ішкі істер министрі Игорь Клименко басқаруы мүмкін.

РБК-Україна басылымының хабарлауынша, кадрлық шешім қабылдауға Михаил Федоров пен Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский арасындағы келіспеушіліктердің де әсері болған.