Астанада полиция қызметкерлері қонақүйдің кәріз жүйесінен табылған нәресте денесіне қатысты 29 жастағы әйелді ұстады. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сұмдық жайтты елордадағы қонақүйдің жанында орналасқан тұрғын үй кешенінің тұрғыны анықтаған. Үй мен Hot Room қонақүйі бір кәріз жүйесіне қосылған.
Куәгерлердің айтуынша, жертөледен жағымсыз иіс шыққан. Кәріз құбыры ашылған кезде оның ішінен шала туған нәрестенің мәйіті табылған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Кейін құқық қорғау органдары жас әйелді ұстаған. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, қонақүй бұған дейін де бірнеше рет полиция назарына іліккен.
– Осы дерек бойынша 29 жастағы әйел ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтарға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы қонақүй иесіне ұсыныс енгізілді, – деп хабарлады Астана қаласы Полиция департаменті.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері бұл қонақүйге қатысты 19 шағым түскен. Тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін үш адам жазаланған.