Қазақстандықтар Түркия халқына 100-ге жуық киіз үй жібереді

Ulysmedia

Қазақстандықтар Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге 100-ге жуық киіз үй жібереді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Көмекті ұйымдастырушы Нұрбек Бекбау қазақстандықтардың 20 млн теңгеден астам қаражат жинағанын айтты. 17 млн 300 мың теңгеге 45 киіз үй алынған. Кейін тағы 2 млн 700 мың теңгеге тұрмыстық заттар (ошақ, қазан, ыдыс-аяқ) алынады.

Одан бөлек, отандық кәсіпкерлер 50 киіз үй сатып алып, әуежайдың қоймасына жеткізген.

Бұған дейін қазақстандықтар Түркияда зардап шеккендерге киіз үй алуға 18 млн теңге жинағаны хабарланған еді.

«Киіз үйдің психикалық, психологиялық маңызы да бар. Түріктер Қазақстанды «Атажұрт» деп атайды, өйткені Қазақстан аумағы – барлық түркілердің, оның ішінде қазіргі түріктердің ата-бабаларының отаны. Біз Түркиядағы бауырларымызға әрқашан көмек көрсететінімізді және ынтымақты көрсеткіміз келеді», - деді Нұрбек Бекбау.