«Үйден алдап шығарып, шабуыл жасады»: Ақтауда ер адам әйелін пышақтаған

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Ақтауда 14 шілдеде таңертең 14-шағынаудандағы жағалауда әйелге жасалған шабуылға қатысты тергеу жүріп жатыр. Ауыр жарақат алған әйел ауруханаға жеткізілді. Күдікті ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Lada.kz мәліметінше, болған жайттан кейін жәбірленушінің туыстары қала тұрғындарынан көмек сұраған. Олардың айтуынша, шабуыл кезінде жағалауда адам көп болған, сондықтан оқиғаны біреу ұялы телефонға түсіріп алуы мүмкін.

Отбасы сол күні таңертең түсірілген бейнежазбасы бар азаматтарды оны тергеушілерге тапсыруға өтінді. Туыстары тіпті қысқа видеолар оқиғаның толық көрінісін қалпына келтіруге көмектеседі деп есептейді.

Туыстары шабуылды күйеуі жасады деп отыр

Жәбірленушінің сіңлісінің айтуынша, әйелге ажырасқалы жүрген күйеуі шабуыл жасаған. Отбасында төрт бала тәрбиеленіп отыр.

Туысының сөзінше, ер адам бұған дейін әйелін, балаларын және жақындарын өлтіремін деп бірнеше рет қорқытқан. Шабуыл болған күні ол балаларға зиян келтіремін деп қоқан-лоқы жасап, әйелді үйден шығуға мәжбүрлеген.

Кездесуге келген әйелді ер адам соққыға жығып, бірнеше жерінен пышақтаған.

Қазір жәбірленуші ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.

Қылмыстық іс қозғалды

Маңғыстау облысының полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел отбасылық-тұрмыстық жанжал кезінде жарақат алған. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.