Алакөлде катердің астына түскен зейнеткер екі аяғынан айырылды

Ulysmedia
pixabay

Жетісу облысындағы Алакөлде қайғылы жағдай болды. Көктұма ауылы маңындағы демалыс аймағында 69 жастағы әйел катердің бұрандасына түсіп қалып, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Алдын ала мәлімет бойынша, катер артқа қарай қозғалған. Оқиғаға куә болғандар зардап шеккен әйелге дереу көмекке ұмтылған. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.

Зейнеткер аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, ол көп қан жоғалтып, шок алған.

Медицина мамандары әйелдің бір аяғы толық үзіліп кеткенін, екінші аяғының да қатты зақымданғанын анықтады. Оның өмірін сақтап қалу үшін шұғыл ота жасалып, дәрігерлер екі аяғын да кесуге мәжбүр болды.

Қазір науқас тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында. Жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.

Полиция тергеу бастады

Оқиғаға байланысты Жетісу облысының полициясы қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер болған жайттың барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Құқық қорғау органдары катер және өзге де шағын су көліктерінің иелеріне, әсіресе адам көп шоғырланатын демалыс орындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет екенін ескертті.

Демалушыларға да су жағасында барынша сақ болып, қауіпсіздік шараларын естен шығармау ұсынылды.