Испания құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Финалда испандар әлемнің қазіргі чемпионы Аргентина құрамасын қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіп, тарихындағы екінші әлем чемпионы атағына қол жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында өткен финалдық кездесудің бас төрешісі словениялық Славко Винчич болды. Матч тағдырын қосымша уақыттың 106-минутында Ферран Торрес шешті. Испания шабуылшысы жеңіс голын соғып, командасына алтын жүлдені сыйлады.
Аргентина матчты он ойыншымен аяқтады. Негізгі уақытқа қосылған 90+3-минутта жартылай қорғаушы Энцо Фернандес екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.
Кездесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталды. Ойын барысында Испания басымдық танытты. Ал аргентиналықтар негізгі уақыт ішінде қақпаға бірде-бір дәл соққы жасай алмай, әлем чемпионаттары финалдарының тарихындағы ең нашар көрсеткіштердің бірін тіркеді.
ФИНАЛҒА ДЕЙІН...
Финалға дейін Испания жартылай финалда Францияны 2:0 есебімен жеңсе, Аргентина Англияны 2:1 есебімен тізе бүктірген болатын.
Осылайша, Испания құрамасы тарихында екінші рет әлем чемпионы атанды. Бұған дейін испандар 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатында топ жарған еді. Ал 2022 жылғы әлем чемпионы Аргентина бұл жолы чемпиондық атағын қорғай алмады.