Иранда билікке қарсы халықтық толқуларға қатысқан екі адам өлім жазасына кесілді. Оларға полиция қызметкерін өлтірді деген айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
AFP және Fars ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Иранда биыл қаңтарда болған билікке қарсы наразылықтарға қатысқан Эрфан Эсфандиари мен Гол-Мохаммад Мохаммади өлім жазасына кесілген.
Билік оларға «наразылық кезінде Исфахан қаласында полиция қызметкерлерін жол белгісіне байлап, таспен атқылап, кейін өртеп жіберген» деген айып таққан. Иран соты полиция қызметкері көз жұмған соң денесі бөлшектенген дейді. Оқиға видеоға түсіріліп, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына жіберілген.
Бірақ сот органы таратқан хабарламада сот тергеуі, өлім жазасына кесілген адамдардың жасы мен олардың қай уақытта ұсталғаны туралы ақпарат жоқ.
Контекст
Иранда қымбатшылық пен гиперинфляцияға қарсы наразылық 2025 жылы желтоқсанда басталған. Бірақ оның арты кейіннен саяси талаптарға ұласып, 2026 жылы қаңтарда шарықтау шегіне жатқан. Билік наразыларды күшпен басып, халыққа қарсы қару қолданған. Тегеран жаппай наразылықты ұйымдастырды деп АҚШ пен Израильді айыптаған. Оқиғаны «террорлық акт» деп атап, 3 мың адамның қаза тапқанын растаған.
Iran Human Rights және Together Against the Death Penalty құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, 2025 жылы Иран билігі кемінде 1 639 адамды өлім жазасына кесіп, үкімді орындаған. Бұл – 1989 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Amnesty International ұйымының дерегіне сәйкес, өлім жазасын орындау саны бойынша Иран әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Қытайда өлім жазасына қатысты ресми статистика жарияланбайтындықтан, халықаралық ұйымдар бұл елді ең көп өлім жазасын орындайтын мемлекет ретінде бағалайды.