Мемлекет енді зейнеткерлерге қосымша төлем жасамайды – Еңбек министрлігі түсінік берді

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарындағы инфляция өтемақысының жойылатыны туралы ақпарат тарағаннан кейін түсінік берді. Ведомство азаматтардың зейнетақы жинақтары мемлекет қорғауында қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШЫҒЫН ҮШІН КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?

Министрліктің мәліметінше, Әлеуметтік кодекс міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген қаражат көлемінде сақталуына кепілдік береді.

Негізгі өзгеріс инфляция деңгейі мен зейнетақы жинақтарының инвестициялық табыстылығы арасындағы айырманы өтеу тетігіне қатысты. 2027 жылдан бастап бұл төлем тоқтатылады.

Еңбек министрлігі мұны қазақстандықтардың қыркүйек айынан бастап зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін жеке басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі пайда болатынымен түсіндірді. Егер азамат мұндай компанияны өзі таңдаса, мемлекет ықтимал шығындарды бюджет есебінен өтемейді.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Салық төлеушілердің мемлекеттік қаражаты жеке басқарушы компанияларды таңдау нәтижелерін жабуға жұмсалмауға тиіс, – делінген министрлік хабарламасында.

Бұл жағдайда теріс инвестициялық табыстылық үшін жауапкершілікті зейнетақы активтерін басқарушы компаниялар өз мойнына алады. Заңға сәйкес, олар шығынды өз капиталы есебінен өтеуге міндетті.

Ал зейнетақы жинақтарын жеке басқарушыларға аудармайтын азаматтардың қаражатын бұрынғыдай Қазақстан Ұлттық банкі басқара береді.