«Әділ сөз» қорының президенті болып Назира Дәрімбет сайланды

Ulysmedia
Фото: matritca.kz

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті болып журналист Назира Дәрімбет сайланды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Kazakhstan Press Club таратқан ақпаратқа қарағанда, 17 шілдеде «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының құрылтайшылар жалпы жиналысы және Қамқоршылық кеңесінің отырысы өткен. Жиында қордың жаңа президенті болып журналист әрі медиа сарапшы Назира Дәрімбет сайланған.

– Назира Дәрімбет тәуелсіз журналистика саласында, сондай-ақ медианы дамыту және сөз бостандығын қорғау бағытындағы халықаралық жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол. Оның кәсібилігі, халықаралық байланыстары және қазіргі медиа кеңістіктің сын-қатерлерін терең түсінуі қордың борышын табысты жалғастырып, сөз бостандығын қорғау, журналистерді қолдау және Қазақстандағы тәуелсіз медианы дамыту ісіндегі рөлін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді, – делінген ақпаратта.

Бұған дейін «Әділ сөз» қорын Қарлығаш Жамарқұлова басқарған. Ол бұл қызметке 2023 жылы келген. Бірақ жақында оның жаңадан құрылған «Әділет» партиясының атынан Құрылтай сайлауына қатысатыны белгілі болған.

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры — 1999 жылы құрылған. Ұйымды ұзақ жыл оның негізін қалаушы Тамара Калеева басқарған.