«Баянауыл» ұлттық паркінде өрт шықты

Ulysmedia
Видеодан алынған кадр

Павлодар облысындағы «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өрт шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2026 жылғы 20 шілде күні сағат 09:23-та «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Жасыбай бөлімшесі аумағындағы 21-орам, 31-бөлімде өрт ошағы анықталды. Өрттің ауданы – 0,003 гектар.

Өртті сөндіру жұмыстарына «Баянауыл» МҰТП орман күзеті қызметінің күштері мен құралдары, «Қазавиорманқорғау» РМКҚ, жұмылдырылды.

2026 жылдың 20 шілде күні сағат 10:54 өрттің таралуы оқшауланды. Қазіргі уақытта толық сөндіру және өрт орнын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, орман өрті 16 шілде күні сағат 09:45 шамасында Бородулиха филиалының Камышенка орманшылығының 57-кварталында тіркелген болатын. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациясы, сондай-ақ Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері жұмылдырылды.

Өрт қаупіне байланысты «Семей орманы» маңындағы DosbolLike балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкер қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Оқиғаға байланысты премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевты Абай облысына жіберіп, өртті сөндіру жұмыстарын жеке үйлестіруді тапсырған еді. Сондай-ақ Үкімет басшысы жақын маңдағы елді мекендерді қорғау және тілсіз жаудың одан әрі таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді міндеттеген болатын.

18 шілдеде «Семей орманы» резерватындағы өрт ауыздықталғанын хабарлаған едік.