Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылысы кестеден айтарлықтай кешігіп жатыр

Ulysmedia
Энергетика министрлігі

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылыс барысын тексеріп, мердігер ұйымдарға жұмысты бірнеше есе жеделдетуді ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Министрдің айтуынша, стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысы бекітілген кестеден айтарлықтай қалып қойған. Келісімшартқа сәйкес құрылыс мерзімі 36 айды құрайды. Оның 29 айы өтіп кеткенімен, жобаның жалпы дайындығы небәрі шамамен 40 пайызға жеткен. Яғни құрылысқа бөлінген уақыттың 81 пайызы пайдаланылғанымен, орындалған жұмыстар көлемі жоспардан едәуір төмен.

– Мұндай құрылыс қарқыны бізді қанағаттандырмайды. Мердігерлер жұмыс көлемін дереу ұлғайтуға тиіс, – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Министрлік мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі әзірге 13 пайыз ғана. Сондай-ақ бетон құю жұмыстары да жоспардан айтарлықтай кешігіп жатыр. Жоспарланған 58,4 мың текше метрдің орнына әзірге 7,5 мың текше метр ғана орындалған.

Технологиялық жабдықтарды жеткізу ісінде де іркіліс бар. Тапсырыс берілген 259 жабдықтың тек 98-і ғана шетелдік өндірушілерден жөнелтілген. Осыған байланысты министр мердігерлерге жабдық жеткізу қарқынын бірнеше есе арттыруды, шетелдік өндірушілермен жұмысты күшейтуді және Қазақстан аумағындағы модульдік құрастыру қуаттарын ұлғайтуды тапсырды.

– Жаңаөзен газ өңдеу зауыты – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Тапсырыс беруші мердігерлерді жүз пайыз аванспен уақытылы қамтамасыз етті. Енді құрылыс қарқынын күшейтіп, зауытты белгіленген мерзімде пайдалануға беру қажет, – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Құрылысты жеделдету үшін нысанға қосымша жұмысшылар мен арнайы техника тартылмақ. Құрылыстың ең қызған кезеңінде мұнда 1200-ге дейін маман еңбек етеді.

Жоба аяқталғаннан кейін зауыт жылына 900 млн текше метр газ өңдей алады. Кәсіпорында жыл сайын 743 млн текше метр тауарлық газ, 217 мың тонна сұйытылған мұнай газы және 122 мың тонна пентан-гексан фракциясы өндірілмек.

Энергетика министрлігі жобаның іске асырылуын бақылауды күшейткенін мәлімдеді. Енді мердігер ұйымдар апта сайын құрылыс барысы, орындалған жұмыстар және кешігулерді жою бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде жедел есеп тапсырып отырады.

Жаңаөзен газ өңдеу зауытын пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.