“Жиһадты насихаттаған”: Интерпол 7 жыл іздеген ақтөбеліктің соты басталды

Ulysmedia
ulysmedia

Сауд Арабиясында ұсталған 50 жастағы ақтөбелік телекоммуникация желісі арқылы терроризмді насихаттады деп айыпталып отыр. Ол Медина қаласында жүріп, таныстарына қылышты жиһад идеясын дәріптеп, үгіттеген, деп хабарлайды Ulysmedia. 

Толығырақ

Ақтөбе қалалық №2 сотында жеті жыл халықаралық іздеуде болған азаматқа қатысты қылмыстық іс қарала бастады.  Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігі “телекоммуникация желілері арқылы терроризмді насихаттады” деген айыппен сот алдында жауап беруде. 

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы 50 жаста, білімі орта, жұмыссыз. 2019 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Тергеу дерегінше, ол Сауд Арабиясының Медина қаласында жүрген кезінде Telegram арқылы бірнеше танысына терроризмді насихаттайтын мазмұндағы мәтіндік хабарламалар жолдаған. 

– 2008 жылы 14 мамырда Н. радикалдық көзқарасын тереңдетіп, экстрмистік идеологияны меңгеру, жетілдіру мақсатында Сауд  Арабиясының Медина қаласына уақытша қоныс аударған. Диверсиялық террористік сипаттағы “қылышты жиһад” идеясын дәріптеп, үгіттеп, өзгелердің ой санасына әсер ету мақсатында, оны қолдайтындардың санын көбейтуге ұмтылған. Таныстарына терроризмді насихаттайтын мәтіндік хабарлама жолдаған”, – деді айыптау актісін оқыған прокурор. 

Сараптама қорытындысы жолданған хабарламаларда терроризмді насихаттау белгілері бар екенін анықтаған. Бұған қоса, сотта видео материалдар да қаралды. 

2019 жылы халықаралық іздеу жарияланып, жыл сайын ұзартылып отырған. Биыл сотталушы шетелде ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған. 

Сотта айыпталушы тағылған айыпты мойындады. 

Іс бойынша жауап берген куә 2017–2019 жылдары Сауд Арабиясында оқып жүріп сотталушымен танысқан. Оның сөзінше, Telegram арқылы келген хабарламаларда Сириядағы соғысқа қаржылай қолдау көрсету, сондай-ақ діннен шыққандарды өлтіру секілді мағына болған. 

Сот барысында ҰҚК жүргізген қарсы барлау материалдары да зерттелді. Онда 2019 жылы күдіктіге қатысты терроризмді насихаттау белгілері бойынша жедел ақпарат түскені, сондай-ақ оның өзге адамдарға діни мазмұндағы материалдар жібергені айтылды.

Қорғаушы соттан кінәні мойындау туралы процестік келісім жасау мәселесін қарауды сұрады.

Келесі сот отырысы 30 шілдеге белгіленді.