АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен қақтығыстың одан әрі өрбуіне әсер ететін маңызды шешім алдында тұр. Ақ үй екі негізгі сценарийді қарастырып жатыр: жаңа 10 күндік бітімге келісу немесе Израильмен бірлесіп Тегеранға қарсы ауқымды әскери операция бастау, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Axios басылымының жазуынша, Қатар, Мысыр, Пәкістан, Оман және басқа да делдал мемлекеттер АҚШ пен Иранға 10 күндік атысты тоқтату туралы ұсыныс жеткізген.
Жоспарға сәйкес, тараптар әскери іс-қимылды тоқтатып, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру және Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерді қайта бастау қарастырылған.
– Делдалдар тараптарға Ормуз бұғазы арқылы өтудің ұзақ мерзімді ережелері бойынша келісімге келу үшін он күндік «салқындау кезеңін» ұсынды, – деп хабарлады Axios дереккөзі.
Дональд Трамп әкімшілігі дипломатиялық әрекеттерге кедергі келтірмеу үшін Израильден жағдайды ушықтыратын қадамдарға бармауды сұраған.
АҚШ ҰСТАНЫМЫ
Вашингтон келіссөздер нәтижесіз аяқталуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Кейінгі күндері АҚШ аймаққа ондаған жойғыш ұшақ пен әуеде жанармай құюға арналған ұшақтарын жіберді. Ал Израиль әскері жоғары дайындық режиміне көшірілді.
Иранға жасалған соққыларға қарамастан, Тегеран Ормуз бұғазы маңындағы жағдайға ықпалын сақтап отыр.
АҚШ әскери қызметкерлеріне жасалған шабуылдардан кейін Трамп Пентагонға Иранды «еселеп жауап беруге мәжбүрлеуді» тапсырған.
– Президент Иранды меморандумды бұзғаны, Ормуз бұғазындағы терроризмді қолдағаны және америкалық әскери қызметкерлердің қаза тапқаны үшін жауапқа тартпақ, – деді АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі.
Қазіргі бастама 11 шілдеде Маскатта өткен келіссөздерге негізделген. Сол кезде АҚШ Ираннан Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасына кепілдік беруді талап еткен, алайда тараптар ортақ келісімге келе алмаған.
Жағдай Иран зымыраны америкалық әскери қызметшілер қаза тапқан Иордания аумағына соққы жасағаннан кейін одан әрі күрделене түсті. Осыдан кейін Вашингтон жауап шараларын қарастыра бастады.
ТЕГЕРАН ҰСТАНЫМЫ
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи делдалдардың шиеленісті азайтуға күш салып жатқанын растады. Оның айтуынша, Тегеран ұсыныстарды алған, алайда олардың мазмұнын ашпады.
Сонымен қатар Багаи Иран қарулы күштері «америкалық агрессияның қайнар көзіне қарсы батыл жауап беруді жалғастыратынын» мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Вашингтон да, Тегеран да бітім туралы ұсынысты ресми түрде қабылдаған жоқ.
Axios дереккөздерінің бағалауынша, екі тарап та алдымен әскери тұрғыда өз позицияларын күшейтіп алып, содан кейін ғана келіссөздерге оралуды көздеп отыр.