Алматының Алмалы аудандық сотында ҚазТАГ басылымы мен Freedom Finance компаниясы арасындағы дауға байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сот тергеуі аяқталып, судья Ернар Қасымбеков істі зерделеуге көшті, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
21 шілдеде өткен сот отырысында Әмір Қасенов бірнеше өтінішхат түсірді. Оның ішінде тағылған айыпқа қатысты жасалған сараптама қорытындысын дәлел ретінде танудан бас тартуды және жаңа сараптама тағайындауды сұрады.
Бұл өтінішхатқа Freedom Finance тарапының өкілдері мен прокурор қарсылық білдірді.
Судья Ернар Қасымбеков сот тергеуінің аяқталуына байланысты өтінішхатты қанағаттандырмады.
– Сараптамаға қатысты мен кеше де айтқанмын, сот тергеуі аяқталып жатқан уақытта жаңадан сараптама тағайындалмайды. Осыған байланысты сот Қасеновтің сараптама тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырусыз қалдырады, – деді ол.
Осыдан кейін Ернар Қасымбеков сот тергеуін аяқтап, істі зерделеуге көшті. Сот процесі жалғасып жатыр. Журналистер сот залына кіргізілген жоқ. Процесті көршілес залдан бақылап отыр. Бұған дейін сот іске қатысушы тараптарға процесс аяқталғанға дейін журналистерге пікір беруге тыйым салған.
Контекст
Былтыр желтоқсанның басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен басылымның бас редакторы Әмір Қасенов «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікке ілінген. Көктемде Матаевқа бұл баппен қозғалған іс тоқтатылғаны белгілі болды. Маусымның басында Әмір Қасенов президент Тоқаевқа қарата жасаған видеомәлімдемесінен кейін үйқамақтан абақтыға ауыстырылған. Ол үндеуінде соттың ашық өтуін талап еткен.
ҚазТАГ үстінен бизнесмен Тимур Турлов басқаратын Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.