Әлеуметтік желілерде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, БҚО мәслихатының депутаты Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ректордың ұсталғаны туралы алғаш болып Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжан мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ақпаратты университет қызметкерлері жеткізген.
– Университет қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін Махамбет Өтемісов атындағы университеттің ректоры Нұрлан Хабиболлаұлы Серғалиев қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Қазіргі уақытта оның жұмыс орнында тінту жүргізіліп жатыр, – деп жазды Ахметжан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Заңгердің айтуынша, қылмыстық істі Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр.
ҚАНДАЙ КҮДІК БАР?
Әзірше ресми түрде расталмаған мәліметтерге сәйкес, тергеу әрекеттері университетке ғылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру күдігіне байланысты жүргізіліп жатқан болуы мүмкін.
Материал жарияланған сәтке дейін құқық қорғау органдары бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. Сондай-ақ Нұрлан Серғалиевтің процестік мәртебесі мен тергеудің нақты қандай бап бойынша жүргізіліп жатқаны туралы да ресми мәлімет жарияланбады.
Ulysmedia.kz редакциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдап, ректордың ұсталғаны туралы ақпаратты растауды және қылмыстық істің қай бап бойынша қозғалғанын хабарлауды сұрады.
АНЫҚТАМА
55 жастағы Нұрлан Серғалиев – биология ғылымдарының кандидаты. Ол жоғары білім беру саласында 25 жылдан астам еңбек еткен. Бұған дейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде басшылық қызметтер атқарып, 2014-2017 жылдары осы оқу орнының ректоры болды.
2018 жылдың мамыр айынан бері Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін басқарады. Ал 2016 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.