Reuters: Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатты

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты саналатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 21 шілдеде танкерлерге жасалған дрон шабуылдарына байланысты мұнай қабылдауды тоқтатты. Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздеріне сүйеніп жазды, деп  хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Шілде айында Новороссийск маңындағы Южная Озереевкада орналасқан Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында бес танкерге дрондармен шабуыл жасалды.

20 шілдеде КҚК мұнайды танкерлерге тиеу жұмыстарының уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Алайда терминалдың зақымданғаны немесе оның жұмысына қандай да бір ақау келгені туралы нақты мәлімет берілген жоқ.

Консорциумдағы 15 пайыздық үлеске ие Chevron компаниясы жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді.

– Chevron Каспий құбыр консорциумы (КҚК) төңірегіндегі жағдайды бақылауды жалғастыруда. Қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау – біздің басты басымдығымыз. КҚК қызметіне қатысты қосымша түсініктеме алу үшін тікелей консорциумның өзіне жүгінген жөн, – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Контекст

Бұған дейін Қазақстан энергетика министрлігі Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында мұнай тиеп тұрған NELSA танкеріне дрон шабуыл жасағанын растаған болатын.

Бұл оқиға Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен энергетика министрлігі бұған дейін Қара теңіздегі танкерлерге жасалған шабуылдарды айыптағаннан кейін орын алған.

Ал Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко КҚК-ның теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тиеп жатқан танкерлерге жасалған дрон шабуылдары «Киев мүдделеріне сай келмейді» деп мәлімдеген.