Ағзаларымды донорлыққа беруге келісемін – Аида Балаева

Ulysmedia
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында ағза донорлығы туралы пікір білдіріп, өзі қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісім беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Министрдің айтуынша, мұндай шешім – әр адамның жеке таңдауы және ешкімді оған мәжбүрлеуге болмайды.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Ал енді менің өз басыма келсем… Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін, – деп жазды Аида Балаева.

Министр жазбасында «Хабар» арнасы түсірген «4739» деректі фильміне тоқталып, адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда трансплантация кезегінде 4 739 адам, оның ішінде 125 бала тұр.

Сондай-ақ ол елімізде трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалатынын, ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейтінін айтты.

Балаеваның пікірінше, бұл мәселе қорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылануға тиіс.

Еске салайық, бұған дейін былтыр туысына донор болғандар саны үш есеге артқанын жазған едік.