KazSat-3 ғарыштық байланыс жүйесінің пайдалану мерзімі үш жылдан кейін аяқталады. Ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің жұмысында іркіліс болмауы үшін жаңа KazSat-3R ғарыш аппараты жасалады. Жобаға 10,4 млрд теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Пайдалану мерзімі аяқталуға жақын
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жаңа жерсерік 2014 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан KazSat-3 аппаратын алмастырады. Оның жоспарлы қызмет ету мерзімі 2029 жылы аяқталады.
Үкімет өкілдерінің айтуынша, мұндай ғарыш аппаратын әзірлеп, орбитаға шығару бірнеше жылға созылатындықтан, оны алмастыруға дайындықты алдын ала бастау қажет.
– Жаңа аппарат ұлттық спутник байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру спутник байланыс желілері мен телерадио хабар тарату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халық аз қоныстанған және шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығаяды, – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметінің өкілдері.
KazSat жүйесі не үшін қажет?
Қазір KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің мүмкіндіктерін еліміздің ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік құрылымдар пайдаланады. Жүйе арқылы телерадио хабарларын тарату, деректерді жеткізу, мобильді байланыс және интернет қызметтері көрсетіледі.
Бүгінде KazSat жүйесін 19 байланыс операторы мен мемлекеттік құрылымдар пайдаланады. Осы жүйе арқылы екі миллионнан аса телевизия абонентіне қызмет көрсетіледі.