Қазақстан мұнайына тәуелді Румынияда жанармай дағдарысы басталды

Ulysmedia
Көрнекі сурат. Фото: "ҚазМұнайГаз"

Қазақстаннан келетін мұнай тасымалының тоқтауына байланысты Румынияда жанармай дағдарысы болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Stiripesurse басылымының жазуынша, Қазақстан Румынияға импортталатын мұнайдың 63 пайызын қамтамасыз етеді. Экономикалық сарапшы Адриан Негрескудың сөзінше, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін Қазақстан мұнайының тоқтауы ел экономикасына елеулі соққы болып тиеді.

— Новороссийскідегі терминалдан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесі арқылы мұнай жеткізілімі тоқтатылғаннан кейін Румынияның жанармай нарығы бұрын-соңды болмаған дағдарыс кезеңіне аяқ басты. Оның салдарын жанармай құю бекеттерінде сезінеміз. Бірнеше ай бұрын Қазақстан мұнай жеткізуді тоқтатса, елде жанармай тапшылығы туындауы мүмкін екенін ескерткен едім. Енді сол қауіп шындыққа айналып отыр, — деді Адриан Негреску.

Экономистің айтуынша, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) – мұнай тасымалдайтын бағыт қана емес,Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа жеткізетін басты экспорттық арна. Консорциум арқылы Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызы өтеді.

Украинада соғыс басталғалы бері Румыния мен Еуропаның өзге де елдері Қазақстан мұнайына айтарлықтай тәуелді бола түскен.

— 2025 жылғы мәлімет бойынша, Румыния мұнайға деген қажеттілігінің 77 пайызын импорт есебінен қамтамасыз еткен. Ал қалған бөлігін ішкі өндіріс өтеді. Импортталатын мұнайдың шамамен 63 пайызы елдің негізгі жеткізушісі саналатын Қазақстанға тиесілі. Румыния мұнай өңдеу зауыттарында өңделетін шикізаттың жартысына жуығы – Қазақстан мұнайы. Қалғаны Әзербайжан, Норвегия, Ливия және басқа да шағын жеткізушілерге тиесілі, – деді Адриан Негреску.

Румыниядағы ең ірі мұнай өңдеу зауыттары Қазақстаннан жеткізілетін мұнайға тікелей тәуелді. Ең алдымен, KMG International компаниясының бақылауындағы Petromidia зауыты мен негізінен Қазақстан мұнайын өңдейтін Petrobrazi зауыты қиындыққа тап болмақ.

Қазақстан мұнайын жеткізу мәселесі ұзаққа созылатын болса, ол Румынияда жанармай тапшылығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай мұнай өнімдерінің қолжетімділігіне де, бағасына да кері әсерін тигізіп, елдің бүкіл жанармай нарығына ықпал етеді.

Контекст

БАҚ мәліметінше, Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау уақытша тоқтатылған. Бұған танкерлерге жасалған шабуылдар себеп болған.

Кеме иелері дрондар шабуылдарына байланысты танкерлерді жіберуге қауіптеніп отыр.

Украинаның Қазақстандағы елшісі Қара теңіздегі танкерлерге жасалған дрон шабуылдарына Киевтің қатысы бар екенін растайтын ешқандай дәлел жоқ екенін мәлімдеді.