Жемқорлық, алаяқтық, азаптау: шенеуніктер қандай қылмысқа барған?

Ulysmedia
pixabay

Қазақстандық шенеуніктер көбіне жемқорлық пен мүлікке қатысты қылмыстар бойынша ұсталғанымен, олардың арасында азаптау, адам өлтіруге оқталу, тіпті кәмелетке толмағандарға тиісу деректері бойынша күдікке ілінгендер де бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заң бұзған шенеуніктер

Finprom.kz сарапшыларының есебінше, мемлекеттік қызметке үміткерлерге қойылатын талаптардың күшеюі нәтижесінде шенеуніктер жасаған қылмыс саны 2020 жылдан бері шамамен үш есе азайған.

2025 жылы елде мемлекеттік қызметшілер жасаған 431 құқықбұзушылық тіркелген. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында мұндай 233 дерек анықталған. Бұл санға сот үкімі әлі шықпаған істер де кіреді.

Шенеуніктер арасындағы қылмыс көбіне жемқорлықпен байланыстырылады. 2025 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қатысы бар 157 мемлекеттік қызметші ұсталған. Ал 2026 жылғы қаңтар-маусымда 89 шенеунік жауапқа тартылған.

Шенеуніктер күдікті немесе айыпталушы ретінде өтетін істердің тағы бір үлкен бөлігі – мүлікке қарсы қылмыстар. 2026 жылы мұндай 106 дерек тіркелген.

Олардың қатарында бюджет қаражатын талан-таражға салу – 71, алаяқтық – 33 дерек бар. Бұдан бөлек ұрлық пен бопсалау істері де кездеседі.

Бас прокуратураның есебінде контрабанда және қаржы пирамидасын құру деректері де көрсетілген.

Ұрып-соғу және азаптау

Алайда шенеуніктер тек пайдакүнемдік мақсаттағы қылмыстармен шектелмейді.

2026 жылдың басынан бері мемлекеттік қызметшілер 16 рет адамға қарсы қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Ал 2025 жылдың қорытындысында мұндай 24 дерек анықталған.

Осы қылмыстық істердің жартысы денсаулыққа қасақана зиян келтіруге қатысты болса, бесеуі ұрып-соғу дерегі бойынша қозғалған.

– «Мінсіз бедел» немесе «заңбұзушылыққа төзбеу» ұғымдарына мүлде сай келмейтін сорақы оқиғалар да кездеседі. Бір мемлекеттік қызметші азаптау, екіншісі зорлау, тағы бірі кәмелетке толмаған адамға жыныстық сипатта тиісу ісі бойынша күдікке ілінген, – деп жазады Finprom.

Былтыр шенеуніктер есірткіні сату мақсатында заңсыз сақтау және тасымалдау, адам өлтіруге оқталу және адамды заңсыз бас бостандығынан айыру істері бойынша да жауапқа тартылған.

Шенеуніктерге салынған айыппұлдар

Әкімшілік істер бойынша жауапқа тартылған шенеуніктер саны керісінше артып келеді.

2020 жылы 15,4 мың мемлекеттік қызметші әкімшілік жазаға тартылса, 2025 жылы олардың саны 25,5 мыңға жеткен.

Әсіресе 2024 жылы мемлекеттік нысандарда жаппай тексерулер жүргізілген кезде шенеуніктерге жиі жаза қолданылған.

Биыл да қызметтік міндетін дұрыс орындамаған мемлекеттік қызметшілерге айыппұл салынып жатыр.

– Тексерушілердің жұмысына кедергі келтіргені үшін жауапқа тартылған шенеуніктер саны 26,5 пайызға, ал рұқсат құжаттарын беру тәртібі мен мерзімін бұзғандар саны 24,4 пайызға өсті. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін жауапқа тартылған мемлекеттік қызметшілер саны 3,3 есе көбейген. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықбұзушылықтар бойынша жазаға тартылғандар саны 22,6 пайызға артқан, – дейді сарапшылар.

Бұған дейін Өскеменде жол жөндеуге бөлінген миллиондаған теңгені жымқырған шенеуніктер туралы жазған едік.

Коммуналдық кәсіпорынның бұрынғы директоры жолдарды күтіп ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жалған құжаттар арқылы жылыстатып отырған, нәтижесінде ол алты жылға бас бостандығынан айырылды.